00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қысқы демалыста қай елдерге баруға болады?

22 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қысқы демалыста қай елдерге баруға болады?
Коллаж: Елтай Нұрғазин

Қытымыр қыстың аязы адамды қажытып жібергенде, көпшілігі күннің шуағына бөленіп, жылы климатта демалуды ойлайды.  Осы орайда алыс-жақын шетелге демалысты насихаттап жүрген отандық мамандар жұртшылыққа көп қаржы жұмсамай-ақ, демалып қайтуға болатын елдер тізімін ұсынып жүр, деп хабарлады Elorda.info. 

Осы орайда туризм саласының білікті маманы Айгерім Темірәлі  отандастарымыз үшін сыртқы туризм қолжетімді бола түскенін айтады.  

 
Бүгінде Қазақстан азаматтары 30-дан аса елге визасыз кіре алады. Былтыр елімізден 7,7 миллион адам шетелде демалып келген. Олардың саны жылдан-жылға артуда. Өйткені қазір сыртқы туризм қолжетімді бола түсті. Саяхат қалтаға қатты салмақ салмайды. Кез келген адам шамасына қарай тиімдісін таба алады. Қысқы маусымда көпшілігі Біріккен Араб Әмірліктерін, Таиланд, Египет, Вьетнам, Қытайдағы Хайнань аралдарына барады. Өйткені бұл мемлекеттерге визалық режим жеңілдетілген, логистикасы салыстырмалы түрде ыңғайлы. Елімізден тікелей әуе рейстері де бар, – дейді А.Темірәлі. 

Ал, Еуропаның біраз қалалары мен АҚШ, Греция сынды 38 мемлекетте болған жас саяхатшы  Карима Ерсұлтанқызы әлеуметтік желіде тиімді саяхаттаудың жолдарын ұсынып жүр. Парақшасында әр елдің  артықшылығы мен кемшін тұстарын сараптап, халыққа бүкпесіз жеткізеді. 

Тиімді саяхаттаймын десеңіз, барлық нарықта “BLACK FRIDAY” жеңілдіктері болады. Бұл туризм саласында да бар. Яғни, туроператорлар арнайы сатып алған тур пакеттерді  30%, 50%, 70% жеңілдікпен сатады. Бұл көбіне Тайланд, Египет, БАӘ бағыттары бойынша жасалынады. Шетелге авиабилеттерді арзанға алу үшін  Google flights арқылы билеттер төмен бағада болатын күндерді көруге болады. Ары қарай авиакомпанияның өз сайтына өтіп билет ала аласыз. Ал, жақын арада ұшатын болсаңыз чартерлік рейске билет қараған тиімді. Негізі билеттерді кемі 1-2 ай бұрын алған дұрыс. Қазір Қазақстаннан БАӘ елдеріне билет бағалары 15 000 теңгеден басталады. Жалпы қыста 160 000 теңгеге БАӘ, Малайзия, Мальдив аралдары, Түркия мен Грузияға, Катарға барып қайта аласыздар.Себебі, бұл елдер дәл осы мезгілде саяхаттауға  ыңғайлы, - деп өз тәжірибесімен бөлісті К.Ерсұлтанқызы.

Дейтұрғанмен, елімізде де қыс ауасында да демалуға болатын көрікті жерлер жоқ емес. Мамандар отандастарымыздың қысқы уақыттағы демалыстарын шетелдерге өткізуге құмбыл болуының бірінші себебі, ол жақтың климаттық ерекшелігіне қатысты дейді. Одан кейінгі себеп ретінде ішкі туризмдегі инфрақұрылымның көңіл көншітпейтіндігін алға тартады. Атап айтқанда, нашар интернет, сапасыз жол мен шарықтап тұрған қонақүйлердің бағасы.     

Дариға ҚҰРМАНӘЛІ