00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанада Ұлттық құзыреттілік орталығы ашылады

21 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Астанада Ұлттық құзыреттілік орталығы ашылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Жұмысшы мамандықтар жылының аясында Астанада ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталық ашылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Ұлттық құзыреттілік орталығы бизнес пен білім беру ұйымдары арасында диалог алаңының рөлін атқарады, сондай-ақ студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады.

«Мемлекет басшысының келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы еліміз үшін техникалық және кәсіптік білім берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оның ішінде Ұлттық құзыреттілік орталығының ашылуы жұмысшы мамандықтарының тартымдылығы мен білім сапасын арттыру жөніндегі стратегияны жүзеге асырудағы негізгі қадам. Орталық ұлттық құраманың әлемдік WorldSkills чемпионаттарына дайындалатын базасына айналады, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда басты аймақтық база болады. Сондай-ақ ол жұмыс берушілер мен кадрларды даярлау жүйесінің арасындағы ынтымақтастықты арттырады», - деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills Kazakhstan – 2024 чемпионатының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Атап өту керек, мұндай орталықтар Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде табысты жүзеге асырылып, жоғары білікті кадрлар даярлауда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Әлемде WorldSkills қозғалысы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың басты құралы болып табылады. Халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық құрамасы еліміздің намысын 2014 жылдан бері қорғап келеді.