Астанаға алты айда 830 мыңға жуық турист келді

Астанаға алты айда 830 мыңға жуық турист келді
Фото: Оңалхан Өнерхан

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанаға шамамен 830 мың турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп, оның ішінде 187 мыңға жуығы – шетелдік туристер, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов елордада өтіп жатқан Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық туристік форумының ашылуында айтты.

Биылғы форум «Қауіпсіз туризм» тақырыбына арналған. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, туристік бизнес өкілдерінің, әуе компанияларының, қонақүй индустриясының, халықаралық ұйымдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысып жатыр.

Форум барысында туристердің қауіпсіздігі, туризм саласын дамыту, көлік қолжетімділігі, қызмет көрсету сапасы және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы талқылануда.

Қазір Астанада оқиғалық, іскерлік, мәдени және медициналық туризм бағыттары қатар дамып келеді. Туристер ағынының өсуіне байланысты елордада жаңа туристік нысандар ашылып, халықаралық қонақүй брендтері тартылуда. Сонымен қатар ірі мәдени, спорттық және іскерлік іс-шаралардың күнтізбесі кеңейіп келеді.

«Астана әлдеқашан тек жұмыс бабымен келетін қала болудан қалды. Жыл сайын елордаға 1,6 миллионнан астам турист келеді және бұл көрсеткіш орта есеппен жылына 10-12%-ға өсіп отыр. Бүгінгі міндетіміз – қонақтың Астанаға концертке немесе іскерлік кездесуге келіп қана қоймай, қалада ұзағырақ аялдап, кейін қайта оралуына жағдай жасау», – деді Евгений Глотов.

Оның айтуынша, оқиғалық туризмді дамыту елорданың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Халықаралық концерттер, спорттық жарыстар, іскерлік және мәдени іс-шаралар қалаға қосымша туристік ағын тартып, қонақтардың қалу мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жыл сайын Астанаға 1,6 миллионнан астам турист келеді. Қалаға келушілер саны орта есеппен жылына 10-12%-ға артып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада емделетін шетелдіктер қатары артып келе жатқанын жазған едік.