Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды

20 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық триатлоншы Арлан Жаңабай Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы қола жүлде түсті.

Жарыс нәтижесі:

1-орын. Такауми Ходжо - 52:56 (Жапония)
2-орын. Чжан Сюжуй - 53:05 (Қытай)
3-орын.Арлан Жаңабай - 53:11 (Қазақстан)

Арлан Жаңабай үшін бұл медаль халықаралық аренадағы маңызды жетістіктің бірі болды. 2026 жылы ол Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогының кезеңінде қола, ал Түркістанда өткен кезеңде күміс медаль жеңіп алған.

Бұл медаль қазақстандық триатлон үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін Азия ойындары тарихында отандық спортшы аталған спорт түрінен бір ғана қола жүлде иеленген еді. Осылайша, Арлан Жаңабайдың нәтижесі Қазақстанның Азия ойындарындағы триатлоннан алған екінші жүлдесі атанып, ұлттық құраманың жүйелі дамуын көрсетті.

Бүгінде триатлон Қазақстанның 13 өңірінде дамытылып келеді. 

Еске сала кетейік, Аичи-Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.