Биыл мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Бүгін, 11:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Биыл мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылы 1 070 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (51,9%) – Қытай Халық Республикасынан, 37,5% – Өзбекстаннан, 7,1% – Түрікменстаннан, 1,8% – Ресейден және 1,7% басқа елдерден келген.

«1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%-ды, кәмелетке толмағандар 32,9%-ды және зейнеткерлер 6,8%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы жоғары білімді, 32,9%-ы орта кәсіби білімді, 48,4%-ы жалпы орта білімді, және 1,9%-ының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар қандастарды қоныстандыру үшін мынадай еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 171 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтар мен қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Айта кетейік, жалпы 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 149 мыңнан астам этникалық қазақ оралған.