Жолдауда айтылған міндеттер әскери ұжымға серпін берді – елордалық майор

«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Президенттің бүгінгі Жолдауына қатысты Ұлттық ұланның Астанадағы 5573 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бойынша бөлімше бастығы, майор Мұса Сәдуақасов пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде жеке құрам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын тікелей эфирде тамашалады. Әскерилер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қауіпсіздігіне бағытталған жаңа міндеттерді зор ықыласпен тыңдады әрі Мемлекет басшысының саясатына қолдау білдірді. Президент өз Жолдауында елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын басты назарда ұстады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек» деді. Осы орайда, біз, әскери қызметшілер, әрқашан Отанымыздың тыныштығы мен қоғамның амандығын күзетеміз. Президент жүктеген міндеттерді орындауда Ұлттық ұлан сарбаздары әрдайым алдыңғы шепте болады деп сенемін. Бұл Жолдау бізге жаңа серпін, жаңа мақсат береді. Жалпы елдің болашағы үшін Жолдауда көтерілген мәселелердің іске асуы – баршамыздың ортақ міндетіміз», - деді Мұса Сәдуақасов.



