Жасанды интеллект елдің дамуына оң әсерін тигізеді - Қанат Еңсенов

Бүгін Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда елдің дамуына қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Олардың ішінде Жасанды интеллект министрлігінің құрылатындығы туралы айтылған болатын. Осыған орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазіргі уақытта әлем елдері жасанды интелект және цифрлық жүйені дамытып жатыр. Сондықтан әлем елдері көшінен Қазақстан Республикасы да шет қалмауы керек.
Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөлу керегін айтты. Сондай-ақ бұл бағытта жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізу үшін арнайы министрлік қажет екеніне екпін жасады. Жаңа ведомство жасанды интеллектке байланысты барлық мәселелерді қадағалайды. Әрі бұл министрлікті вице-премьер дәрежесіндегі тұлға басқаратын болады. Мұндай мәртебе елдегі технологиялық үдерістерді ең жоғарғы деңгейде үйлестіріп, заманауи шешімдерді тезірек енгізуге мүмкіндік бермек.
Осындай жаңа саланы дамытуға Қазақстанда мүмкіндіктер бар. Қазіргі уақытта шетелдерден оқып келген жастар, «Назарбаев университеті» «Астана IT университетінің» түлектері және «Аstana hup» қызметкерлері жұмысты бастап кетулері керек.
Қазіргі заманда мемлекеттердің дамуы үшін де жасанды интелект пен цифрлық жүйені дамыту өте маңызды мәселе. Жасанды интелект ең бірінші елдің дамуына оң әсерін тигізеді және «киберқалқан» да ел үшін аса қажет», - деді Қанат Еңсенов.



