Президент: Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеттік. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі болып отыр. Цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ. Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Осы жүйелі қадамның бәрі мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға арналған. Жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс», - деді Президент.
Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды.
«Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз. Даму институттары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Бірақ олардың жұмысында біраз кемшілік бар. Даму институттарының қызметін өзгертетін кез келді. Шын мәнінде, бұл құрылымдар нақты бір салаға бағытталған, терең талдау жасауға қабілетті және инвестиция салуға құқылы толыққанды даму институты ретінде жұмыс істеуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



