Президент: Осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек

Президент Жолдауда жәрдемақы үшін елімізде ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылғандығын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді.
Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады.
Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді.
Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды.
Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады», - деді Президент.
Сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керектігін айтты.
«Демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет етеді. Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады.
Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек.
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті. Осы ретте «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды.
Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



