Әкім жолдауды іске асыру жоспарын әзірлеуді тапсырды
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.А
Кеңесте негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша елорданың дамуының оң динамикасы атап өтілді.
Жиында инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Елорда инвестиция тартуда тау-кен емес өңірлер арасында көшбасшы орында тұр. Осы жылдың 7 айында инвестиция көлемі 9,2%-ға артып, 678,5 миллиард теңгеге жетті.
Президент атап өткендей, қазіргі кезеңде ең маңызды міндет елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру болып саналады. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі саласындағы 15 жобаны қоса алғанда, жалпы сомасы 87 миллиард теңгеге 25 жобаны қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Астана сонымен қатар шағын және орта бизнестің өңірлік экономикаға қосқан үлесі бойынша көшбасшы орнын сақтап отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында биыл жыл басынан бері жалпы сомасы 44,9 миллиард теңгеге 700-ге жуық жобаға қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар туристік саланы дамыту маңызды бағытқа айналып келеді. Іскерлік және медициналық туризмді дамытуды жалғастыру, Астана брендін ілгерілету және қажетті инфрақұрылым мен сервис құру жоспарланып отыр. Медициналық туризмді дамыту үшін республиканың 46 клиникасы мен медициналық ұйымдарын біріктіретін қауымдастық құрылды, ол 10 шетелдік қауымдастықпен ынтымақтастық қарым-қатынаста.
15-17 қыркүйек аралығында өтетін «Comic Con» фестивалі шығармашылық индустрияның маңызды оқиғасы болмақ және 70 мыңнан астам келушіні тартады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен инновацияларға ерекше назар аударды. Мақсаты – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Интернетті жақсарту жұмысы кемшіліктерді екі есе азайтуды және 300 шақырымнан астам талшықты байланыс желісін салуды қамтиды. Сондай-ақ астаналық IT-кәсіпкерлердің жобаларын қолдау басымдыққа ие.
Энергетикалық қауіпсіздікке тоқталсақ, қаланың жаңа құрылысын сенімді электрмен қамтамасыз ету үшін жеті қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ЖЭО-3 және газ жылу станцияларының құрылысы жүргізілуде, бұл қаланы қосымша жылу қуатымен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ №2 кәріз-тазарту құрылысы жобалануда, оның басталуы биыл қазан айына жоспарланған, бұл қаланың шетін де, жаңа құрылыс аудандарын да орталықтандырылған су бұру жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді.
Даму тұжырымдамасының маңызды аспектісі су тапшылығын жоюды, қоршаған ортаға тарайтын қалдықтарды азайтуды және қайта өңделген қалдықтардың үлесін 40%-ға дейін арттыруды есепке алғанда «жасыл экономикаға» көшу болып саналады.
Бүгінгі кеңестің қорытындысы бойынша Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды.