Сәкен Есіркеп: Президенттің интернет контентке қатысты ойы заман талабынан туындап отыр
Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Кездесу барысында Президент мемлекеттік тілді дамыту үшін бірнеше бағыттарда нақты да, нәтижелі жұмыс қажет екенін тапсырды. Осы орайда елдегі қазақ тілін дамыту үшін тағы нені қолға алу керек? Elorda.info тілшісі Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің осы жөніндегі пікірін білді.
Президенттің Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысын қабылдауын жақсы үрдіске баладым. Бұл қоғамды ана тіліміздің өркендеуіне атсалысып жүрген, тілдік капиталды қалыптастыруды өзіндік миссиясы ретінде бекіткен ұйым ретінде білеміз. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы да соңғы екі жылда аталған ұйыммен, оның елордалық филиалымен қоян-қолтық қызмет атқарып, «Көрнекі» деп аталатын арнайы жобаны жүзеге асырып келеді.
Заман бір орнында тұрмайды. Тілді дамытуға, оны күнделікті қолдануға арналған әдіс-тәсілдер де үнемі жаңарып, жетіліп отыруы тиіс. Кеңестік Қазақстанда, тіпті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барлық ақпарат газет, журналдар арқылы таралып отырса, қазір мұның орнын, негізінен, интернет платформалары басты.
Бұрын әр қазақтың қолында, қалтасында бүктелген газет жүрсе, бүгін алақандай смартфонға әлемдегі бүкіл ақпарат сыйып тұр. Сондықтан Президенттің интернеттегі контентке баса көңіл аудару жайлы тапсырмасы орынды әрі заман талабынан туындаған ұсыныс деп білемін. Интернетке үңілген балақайларға қазақ тілінде дұрыс, пайдалы ақпарат көбірек берілсе, ана тілінде сөйлейтін жаңа буынның көбейері анық, - дейді қалалық басқарма басшысы.
Спикер сонымен қатар, Президент айтқан тіл тазалығы туралы мәселенің де өте орынды екеніне тоқталды.
Тілдің тазалығы, сауатты сөйлеп, дұрыс жаза білу де бүгінде өзекті мәселеге айналды. Кездесуде осы мәселе де орынды көтерілген. Сондықтан аталған кездесуде көтерілген осы және өзге де мәселелерді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара орындауға қолдан келгенше жұмылайық, ағайын! - деді Сәкен Есіркеп.