Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорды қабылдады
Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Берік Асылов
еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен құқықтық тәртіптің жай-күйі, қадағалау органының басым бағыттардағы қызметі жөнінде мәлімет берді;
инвестициялық жобаларды қолдау туралы баяндады:
– ел экономикасына 8,3 триллион теңге қаржы құйған 445 инвесторға құқықтық көмек көрсетілген;
– «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы 500 шешімі бекітілген жоқ. Қабылданған шаралар инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыра түсуге мүмкіндік берген;
активтерді қайтару жұмыстары туралы айтты:
– биыл прокуратура органдары жалпы құны 262 миллиард теңге, соның ішінде шетелден 205 миллион долларға бағаланған активтерді қайтарған;
– активтерді басқару компаниясына кәсіпорындардағы құны 82 миллиард теңге болатын мүлік пен үлестер берілген;
– жалпы сомасы 450 миллиард теңгеге тең активтерді қайтару туралы келісім мақұлданған;
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған заңсыз берілген және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын қайтару жөніндегі тапсырмасы орындалып жатқанын жеткізді:
– соңғы 4 жылда мемлекетке 17 миллион гектар жер қайтарылып, айналымға енгізілген;
– жайылым тапшылығы 29 миллион гектардан 8 миллион гектарға дейін, яғни 4 есе қысқарған, жерге үлесі бар 11 мың адамның құқығы қорғалған;
атышулы бірқатар қылмыстық істің тергелу барысынан хабардар етті;
есірткі қылмысына қарсы күрестің жай-күйі жөнінде ақпарат берді:
– жыл басынан бері есірткі сатудың 1573 фактісі анықталған;
– 15 тоннадан астам есірткі тәркіленген, соның ішінде 1 тонна синтетикалық есірткі бар;
– 60-қа жуық есірткі зертханасы жойылып, 13 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында айқындалған «Заң және Тәртіп» бағдарын нығайту ісіне прокуратура органдарының күш-жігерін барынша жұмылдыруды, әсіресе, заңға қайшы кез келген әрекет үшін жазадан жалтаруға жол бермеуді тапсырды.