00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Біртұтас тәрбие»: Елордалық мектепте «Ұлттық құндылықтар» аймағы ашылды

«Біртұтас тәрбие»: Елордалық мектепте «Ұлттық құндылықтар» аймағы ашылды
фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектепте «Ұлттық құндылықтар» аймағы ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ашылған бұл аймақта ұлттық мұралардан шағын мұражай жасалған. Яғни, ұлттық киімдер, ойындар, бұйымдар мен ыдыстар көрмесі қойылған. Сондай-ақ қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекі өкілдерінің өмірбаяны жазылған тақтайша ілінген.

Шараның ашылу салтанатына журналист Айша Тұрмағанбетова қатысып, лента қию рәсіміне атсалысты.

«Мектепте ең бастысы - білім мен тәрбие, ұстаздардың біліктілігі мен қолдауы, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беру. Осы тұрғыда ұлттық рухпен сусындауына қосып жатқан үлестеріңіз құтты болсын!», - деді Айша Тұрмағанбетова.


Мектепке ұлттық киімде келген оқушылар ұлттық құндылықтарға арналған алаңда күй шертті. Тоғызқұмалақ ойынын ойнап, дәстүрлі ән айтты. Мектеп директоры Гүлжан Дәрібайқызы қонақтарды жаңа аймақпен таныстырды.

«Білім беру процесінде әр ұрпақты өзінде бар құндылықпен тәрбиелеу керек. Ұлттық құндылықтар аймағы да осы негізде ашылып отыр. Мұнда алдымен ұлттық ойындар ойналып, ұлттық рухпен сусындайды. Қазіргі заман балаларын айтып емес, осылай мектеп қабырғасында көрсетіп, бойына сіңіріп өсіре аламыз. Шетелге шықса да, қайда жүрсе де ұрпағымыз өз құндылығын танып, жадында сақтап жүреді. Бұл көптен ойда жоспар бүгін орындалып жатыр», - деді мектеп директоры.


Жиын барысында мектеп оқушылары көрнекті тұлғалар туралы қысқаша ақпарат берді. Сонымен қатар жиналған қауымға Сырбай Мәуленов атындағы кабинет таныстырылып, танымал өлеңдерінен үзінді оқылды.

Айта кетейік, жылдың соңына дейін жалғасатын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында елорданың барлық мемлекеттік мектептерінде аптаның бірінші күні «Құндылық сағаты» сабағы өтеді. Онда оқушылар мемлекеттік әнұранды орындап, ұлттық тәрбие бойынша ашық сабақтарға қатысады.

Жоғары сынып оқушыларына буллинг, кибербуллингті алдын алу сабақтары қоса өткізіліп, 1-11 сыныптарға қауіпсіздік ережелі түсіндіріледі.