Бауыржан Серікқалиұлы: Басты міндетіміз – тазы мен төбетті халықаралық деңгейде таныту
Жақында Мемлекет басшысы елімізде тазы мен төбетті көбейту, сақтау және халықаралық аренада таныту туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда Elorda.info тілшісі бұл тарапта қандай іс атқарылғаны жайлы Қазақстан кинологтар Одағының президенті Бауыржан Серікқалимен шағын сұхбат жасады.
-Бауыржан Серікқалиұлы, Президент тазы мен төбетті сақтау және бұл асыл тұқымды иттерді әлемдік денгейде ұлтымыздың қазынасы ретінде таныту туралы тапсырма бергені мәлім. Осыған орай қандай іс атқарылды?
Жақында Қазақстан кинологтар Одағында жұмыс тобы құрылды. Ол бірден мемлекет басшысы алға қойған міндетті іске асыруға кірісті. Ал басты міндет - тазы мен төбетті қазақтың байырғы ит тұқымы ретінде халықаралық деңгейде таныту екені белгілі.
Халықаралық кинологиялық федерациямен (FCI) жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 2023 жылғы 26 сәуірде алғаш рет "Kazakh Tazy" тұқымы FCI номенклатуралық тізіміне қосылды. Осы сәттен бастап біз "Kazakh Tazy" брендін халықаралық номенклатураға тіркедік. Нәтижесінде қазақы тазы әлемдік кинологиялық қоғамдастықта танылып қана қоймай, әлем чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан кинологтар Одағының бастамасы бойынша ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жанынан тазы мен төбет стандарттары бойынша ведомствоаралық топ құрылды. Оның құрамына тиісті кинологиялық ұйымдар, кинолог-мамандар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары мен бірге шетелдік ғалым мамандар кірді
2023 жылғы 17 мамырда Тюэн қаласында (Бельгия) Қазақстан кинологтар Одағы Қазақстанды Дүниежүзілік кинологиялық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі деп тануға ресми өтінім берді.
22 тамызда Женева қаласында (Швейцария) FCI Бас ассамблеясында дауыс беру арқылы Қазақстан халықаралық кинологиялық федерацияның толыққанды мүшесі болып танылды.
Бас Ассамблея аясында барлық асыл тұқымды иттердің дүниежүзілік көрмесі және Женева Гран-приі өтті, оған қазақтың тазысы да қатысты. Халықаралық судьялар біздің иттерді жоғары бағалады. Жарыс нәтижесінде Тұмар және Вангелия есімді тазыларымызға ең жоғары атақтар берілді.
-Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне өтудің қандай пайдасы мен артықшылықтары бар?
Бұл мәртебе бізге көптеген артықшылықтар береді. Ең бастысы, біз қазір тазы мен төбетті халықаралық деңгейде қазақтың асыл тұқымды иттері ретінде танытуға өтініш бере аламыз. Бұл үшін құжаттарды дайындауға белсенді кірісіп кеттік. Қазір бізде Бас Ассамблеяда дауыс беру құқығы бар. Сондай-ақ ХКФ-ның барлық мүшелері сияқты жыл сайынғы жарнаны төлейміз.
-Жалпы, қазақы асыл тұқымды иттерді өзгелер иемденіп кетуі мүмкін бе, шетелдіктер тарапынан талас бар ма?
Жоғарыда айтқанымдай, қазақы тазы номенклатуралық тізімге қосылды, FCI басшылығына біздің қазақ тұқымдарын тануға өтінім беру ниетіміз туралы хабардар етілді. Кейбір ресми емес ақпарат бойынша, тазыға үміткер бірқатар ел бар, бірақ бұл - тек қауесет. Десе де Қазақстан қазіргі таңда жеті қазынамыздың бірі болып табылатын асыл тұқымды иттерді әлем деңгейінде ресми түрде мойындату бағытында жұмыс жүргізуде.
-Қазақстан кинология Одағы немен айналысады?
Қазақстан кинологтар Одағы иттердің барлық тұқымдары бойынша кинологияны реттеумен және дамытумен айналысатын, халықаралық ережелер мен стандарттардың сақталуын қамтамасыз ететін республикалық қоғамдық бірлестік болып табылады. Біздің басты міндетіміз-тазы мен төбетті халықаралық деңгейде танытуға күш салу.
-Елімізде Қазақстан кинологтар Одағынан басқа қандай орталықтар бар?
Қазақтың ит тұқымдарын өсірумен және дамытумен айналысатын бірқатар кинологиялық ұйымдар бар. Олар «Қансонар», «Жеті қазына», «Асыл қазына» және тағы басқалары. Олардың барлығы, мемлекеттік емес, коммерциялық та емес, қоғамдық бірлестіктер, одақтар мен федерациялар түрінде құрылған.
- Бізде кинолог мамандар жеткілікті ме?
Иә, бұл салада кәнігі мамандар аз. Өйткені барлық адамдар үшін қолжетімді оқу орындары жоқ. Тек Қазақстан кинологтар Одағында мамандарға арналған әртүрлі курстардың болғаны көңілге демеу, оның ішінде ит ұстаушылар, асыл тұқымды жануарларды күтіп-бағушы мамандар және сарапшылар курстары бар.
-Тазы мен төбетті қорғауда қандай заңдар бар?
2023 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына қол қойды. Заңда қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары бекітілген. Бұлар:
1) қазақтың ит тұқымдарының сақталуын және өсімін молайтуды қамтамасыз ету;
2) қазақ ит тұқымдарының тазалығын қорғау.
Сондай-ақ, заңда қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығын құру белгіленген. Ұлттық орталық өсіру критерийлері мен қағидаларын айқындау, сондай-ақ тұқымның сапасын айқындау жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. Орталық тазы және төбет тұқымдарын өсіру және асыл тұқымды сақтау жағдайларын жасайды. Әлемде аз танымал түрлерді танымал етеді, сондай-ақ олармен жұмыс істеу бойынша мамандар дайындайды.
-Қазір елімізде тазы мен төбеттің саны қанша екенін айта аласыз ба?
Тазы мен төбет иттер аборигендік, яғни жергілікті жануарларға жатады. Бұлар қай жерде туып, өсірілгеніне қарай аймақтың климаттық ерекшеліктеріне тәуелді. Мысалы, табиғаты ыстық оңтүстіктің иті мен суық солтүстіктің итінің түр жағынан айырмашылықтары болуы мүмкін. Бірақ бұлар бәрібір бір тұқымға жатады. Сонымен қатар, иелері бұларды бір аймақтан екінші аймаққа тасымалдай алады.
Тазы мен төбеттің нақты санын айту мүмкін емес, өйткені барлық иттер есепке алынбайды. Егер тек одақта тіркелген иттердің статистикасына сүйенсек, 2008 жылдан 2023 жылға дейінгі есеп бойынша барлығы 1618 тазы бар.
Әдетте, тазылар көктемде күшіктейді. Ал зауыттық тұқымға жататын кейбір түрлерінің бұдан жиірек, яғни 8-9 айда бір рет ұрпақ бере алатын мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ асыл тұқымды сақтау үшін өте қатаң талаптар қойылады. Әр иттің шығу тегі туралы куәлігі болуы керек. Белгілі бір стандарттарға сай келмесе, кез келген иттің еркегі мен ұрғашысынан тұқым алынбайды.
-Жалпы, басқа иттерден тазы мен төбеттің айырмашылығы неде?
Негізінен, иттер шартты түрде аңшы, күзетші, серіктес деп үшке бөлінеді. Тазы мен төбеттің басқа тұқымдардан ең басты айырмашылығы - бұлар жергілікті иттер, яғни олар өте қатаң эволюциялық процестен өтіп, өздерінің ерекшелігін сақтаған. Тазы мен төбеттерде өзін-өзі сақтау және өмір сүру инстингтері өте жақсы дамыған.
Тазы-өте жүйрік аңшы ит. Ол тек аңды көріп, қуып жетіп қана қоймай, сонымен қатар аңның ізіне түсіп іздеу, тіпті ауланған аңды иесіне жеткізу дағдыларына ие.
Төбет-ең алдымен, қорғаушы. Халқымыз осы төбеттердің көмегімен малын ит-құстан қорғап, бағып отырған. Төбет ерекше төзімді, боранды қыс пен аптап жазға шыдамды келеді. Климаттың күрт өзгеруі кезінде үлкен қашықтықты оңай жүріп өтуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, төбеттің қасқыр аулайтын қасиеті бар. Төбет бар жерде, қазақ малына қасқыр шабады деп қорықпаған.
-Аңшыларға тазымен аңға шығуға рұқсат етілген бе?
Ауыз әдебиетінде тазы мен төбет туралы әңгімелер мен аңыздар көп. Тазы қазақ халқының "Жеті қазынасына" кіреді, бұл - халқымыздың асыл тұқымды иттердің ерекше қасиетін дәріптегенінің жарқын бейнесі. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» демекші, белгіленген бір маусымда тазы қосып, аң аулауға рұқсат етіледі. Аңшылық – бұл ұлттық мұрамыз, жеті қазынаның бірінің осы ерекше қасиетін жойып алмау үшін де аңға шығып тұру керек.
-Қазақтың ұлттық спорты ретінде құсбегілер сайысы өткізіліп жүр, ал тазылардың сайысын ұйымдастыру жағы қалай?
Тазы мен төбеттің ерекше дағдылары болғандықтан, біз олардың осы қасиеттерін дамытуға міндеттіміз. Бұл үшін осы тұқымдар үшін бірқатар жарыстар мен сынақтарды дайындау және бекіту қажет. Бұл - өте ауыр процесс, осыған орай сарапшылар, аңшылар, ит өсірушілер және мемлекеттік органдар сияқты көптеген тараптардың пікірлерін ескеру қажет. Бұл - біздің тапсырмалар тізіміндегі тағы бір мақсат.
-Тұрғындарға тазы мен төбет ұстауға бола ма? Кейбіреулер иттердің жекпе-жегін ұйымдастырып жатады, бұған қалай қарайсыз?
Барлық адамдардың тазы мен төбетті ұстауға құқығы бар. Дегенмен олар асыл тұқымды иттерге қажетті жағдай жасай ала ма – мәселе сонда болып тұр. Өйткені бұлар - жағдай талғайтын жануарлар. Тазы тұқымы өте еркін, өзіне зорлық-зомбылық көрсетуге жол бермейді, жабық кеңістікте тұруға төзбейді және олар мұндай жерден жиі қашып кетеді.
Ал Қазақстан кинологтар Одағы иттердің жекпе-жегін ұйымдастыруға үзілді-кесілді қарсы және бұған заң жүзінде тыйым салынған.