00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ең бастысы – дұрыс таңдау жасау»: Ерлан Каналимов АЭС салуға қатысты пікір білдірді

19 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ең бастысы – дұрыс таңдау жасау»: Ерлан Каналимов АЭС салуға қатысты пікір білдірді
Фото: дереккөз

«Олар үшін әлемдік мұнай, көмір және газ бағасының ауытқуы қорқынышты емес. Пайдалану құнының төмендігі – маңызды экономикалық артықшылықтардың бірі, ал атом энергетикасы тиімді болмағанда, бұл туралы әңгіме болмас еді». Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Қазақстанда атом электр станциясын салудың артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісі 21,3 мың тоннаны құрады. Екінші орында – Канада, үшінші орында – Намибия және төртінші орында көршіміз – Өзбекстан.

Ғылыми түрде дәлелденгендей, АЭС құрылысына алғашқы шығындарды есептемегенде, ядролық энергетика – ең экономикалық тиімді энергетикалық шешімдердің бірі. Мұндағы электр энергиясын өндіру бағасы газ, көмір немесе мұнай пайдаланатын ЖЭО-ға қарағанда әлдеқайда төмен. Сондай-ақ, бұл оң экономикалық әсерді тек жанар-жағармайдың аталған түрлері станциялар маңында орналасқан жағдайда ескеру қажет.

Атомдық станциялар – бұл ауа райы жағдайларына тәуелсіз энергия көзі. Күннің уақытына, жыл мезгіліне, бұлттылыққа, жаңбырға, желдің күшіне және толқындардың биіктігіне қарамастан, сенімді жұмыс істейді. Бұл «жасыл» шешімдерге, мысалы, күн және жел энергиясына қарағанда, инвестицияның жақсы қайтарымын қамтамасыз етеді.

АЭС салудың тағы бір дәлелі – экологиялық фактор. Бүгінгі таңда бұл біздің еліміз үшін өте маңызды, өйткені көмір мен табиғи газбен жұмыс істейтін электр станциялары атмосфераға көмірқышқыл газын шығарады. Бұл парниктік әсері күшейіп, жер атмосферасының қызуына, климаттық өзгерістерге әкеледі. Біз қазірдің өзінде бұл әсерлерді сезінудеміз: ауа райының өзгеруі, әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуі және басқа да құбылыстар орын алуда. Атом электр станцияларында көмірқышқыл газ шығарындылары өте аз. АЭС өндірген энергия көлемімен салыстырғанда, атмосфераға басқа энергия көздерінен бөлінетін парниктік газдар аз болып табылады.

Қазақстан үшін климаттың өзгеруімен күресу басым бағыт болып табылады, сондықтан 2016 жылы еліміз Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға төмендету міндетін алды. Сонымен қатар, ҚР Президенті өз Жолдауында басты міндеттердің бірі ретінде 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді белгіледі. Бұл дегеніміз, Қазақстанда көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының орнына баламалы энергетика келеді. Бірақ бүгінде әлемде ең дамығаны – атом энергетикасы.

Қазақстан бірнеше энергия түрлерін пайдаланады:

  1. Жылу энергетикасы;
  2. Гидроэнергетика;
  3. Жаңартылатын энергетика;
  4. Жел энергетикасы;
  5. Күн энергетикасы.

Қазақстан табиғи уран қоры бойынша Аустралиядан кейін екінші орында тұр және 700 мың тонна уранға ие. Көріп отырғаныңыздай, бізде АЭС салуға барлық жағдай бар. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың есептеулері бойынша, Өзбекстан Республикасының қойнауында 140 тонна уран рудасы бар. Бұл елді пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде оныншы орынға шығарады. Айтпақшы, Өзбекстанда алғашқы АЭС-ті іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Өзбекстанның электр энергиясына қажеттілігі екі есеге өседі. Қазақстан қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көршілес елдерден импорттауға мәжбүр. Бұл тікелей жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын құруға әсер етеді және бизнестің дамуын тежейді.

Электр энергиясы үздіксіз жұмыс істегенде, оның өзіндік құны ең төмен болады. Қазіргі уақытта бұл адамзат үшін басты мәселелердің бірі. Сонымен қатар, АЭС салатын барлық компаниялар 60 жылға кепілдік береді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, АЭС кем дегенде 80 жыл жұмыс істейді. Ал әрі қарай оны 100 жылға дейін ұзартуға болады.

АЭС жұмыс істеуіне қарағанда құрылысына үлкен қаржы қажет. Бұған қоса, атом станциялары өндірілген қалдықтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды барлық қажетті процедураларды сақтай отырып, салқындатылған құрылымдарда сақтау үшін қаражат бөлуі керек. Радиоактивті қалдықтарды сақтау да атом электр станциялары кездесетін маңызды мәселе. Курчатов қаласында 1995 жылы АҚШ-тың ақшасына радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге сақтайтын қойма салынған. Сол Курчатов қаласында радиоактивті қалдықтарды орталықтандырылған өңдеу пунктін салу жоспарда бар. Бұл жерге Қазақстанның барлық аумағынан қалдықтарды әкеліп, оларды қайта өңдеп, сол жерде сақтауға болады. ҚР Парламенті атом қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласында АЭС-ті жобалау, салу және пайдалану үшін қатаң қауіпсіздік стандарттарын қамтитын Заң қабылдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, заң ядролық қалдықтармен жұмыс жасайтын операторды анықтайды. АЭС қолданатын көптеген елдер олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлдеқашан алға жылжыған. Бүгінгі таңда атом энергетикасының дамуының негізгі үрдісі – IV буын ядролық реакторлардың жаңа түрлерін пайдалану.

Атом энергиясы – бұл энергияның орасан зор көзі. Бар болғаны 1 кг уран 4%-ға байытылған жағдайда, шамамен 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай жағумен бірдей энергия береді.

Тағы бір маңызды артықшылық – кадр мәселесі. Атом электр станциясын салу кезінде шамамен 8 мың адам жұмыспен қамтылуы мүмкін, ал болашақта оның жұмыс істеуінде шамамен 2 мың маман қызмет атқарады. Халықтың оң шешімі елдегі еңбек нарығына және елдің дамуына оң әсер етеді деп сенемін.

4 қыркүйекте елдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар АЭС құрылысына қолдау білдіріп, Халықтық штабқа бірікті. Штабқа 6 саяси партиядан 250 өкіл және шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестік кірді. Штаб отырыстарының бірінде ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу міндеттемелерін қабылдағанын атап өтті. Бұл дегеніміз, біздің көмір технологияларын қолдану арқылы өндірілген тауарларымыз әлемдік нарықта қосымша салық салынатын болады. Қазіргі уақытта еліміздегі электр энергиясының 70%-ы көмір станцияларынан алынатынын ескерсек, бұл тұрғыда АЭС отандық тауар өндірушілер үшін әлемдік нарыққа шығудың трамплині болады.

Соңында, елорда тұрғындарына үндеу жасағым келеді: АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамын. 6 қазанда біз бәріміз ел тағдырын келесі ондаған жылдарға айқындайтын маңызды шешім қабылдаймыз. Біз шынымен үлкен әрі жауапты таңдаудың алдында тұрмыз!