Жұмысынан айырылған 217 мыңнан астам адамға әлеуметтік көмек берілді
1 қыркүйектегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 217,5 мың адамға жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 168,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған. Төлемдердің жалпы сомасы 54,1 млрд теңге болды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді, – делінген министрлік хабарламасында.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмысшыға:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
- Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде министрліктің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.