Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр
«Жастар» сарайында өтіп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесін Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мұның мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру. Қазіргі кезде 68 жұмыс беруші 1 100 жұмыс орнын ұсынып отыр. Жәрмеңкеге 10 мемлекеттік орган мен ұйымдар, 11 акционерлік қоғам, сондай-ақ елордадағы 47 кәсіпорын, ауруханалар мен білім беру мекемелері қатысуда. Олардың қатарында құрылыс, өндіріс, сауда, қаржы, көлік секілді түрлі сала бар. Ұсынылған бос орындар арасынан жұмыс іздеушілер арнайы техника жүргізушісі, мұғалім, мұнара краны машинисі, бас бухгалтер, дәрігер-реабилитолог және басқа да көптеген мамандық бойынша жұмыс таба алады», - деді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Талғат Есімов.
Жәрмеңкеде астаналықтар өздері қалаған сала бойынша жұмыс берушілермен тікелей сөйлесе алады.
«Бос жұмыс орындары болғандықтан жәрмеңкеге келіп отырмыз. Бізге қазіргі кезде байланыс операторы қажет. Ол кассир болып, клиенттермен жұмыс істейді. Екіншіден, хат-журналдарды таситын пошташы сондай-ақ жүргізушілер қажет», - деді «Қазпошта» АҚ Астана филиалының кадр бөлімінің басшысы Айна Әлиакбарова.
Жәрмеңке жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.
«Бұл іс-шараның көпке пайдасы мол. Мұнда жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып жатыр. Ал жұмыс іздеушілер компаниялардың менеджерлерімен сөйлесіп, қызықтырған сауалдарын қоюда. Мұнда жұмыс берушілер өте көп екен. Менің педагогика саласында 16 жылдық тәжірибем бар. Маған халықпен тығыз жұмыс істейтін сала ұнайды. Сол бағытта жұмыс берушілермен сөйлесіп, байланыс нөмірлерін алдым», - дейді елорда тұрғыны Гүлжайна Тұрсынбаева.
Бұл – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін таптырмас мүмкіндік. Биыл жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығы 4 қалалық және 20 шағын жәрмеңке өткізіп, азаматтарға жұмыс табуға, кәсіби кеңес алуға, біліктілікті арттыруға және мансаптық мүмкіндіктерін жақсартуға жағдай жасады.