Бір палаталы модельге көшу жүзеге асса, заңнамалық процестер жеңілдейді – Бибігүл Жексенбай

Бүгін, 17:33
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views70
Бір палаталы модельге көшу жүзеге асса, заңнамалық процестер жеңілдейді – Бибігүл Жексенбай
Фото: Бибігүл Жексенбайдың жеке мұрағатынан

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Осыған қатысты Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікірін жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутаттың сөзінше, Президенттің бір палаталы Парламент құру бастамасы – саяси жүйені ықшамдау, халыққа жақындату және тиімділікті арттыру қадамы.

«Егер бір палаталы модельге көшу жүзеге асса, заңнамалық процестер жеңілдеп, Парламенттің халық алдындағы есептілігі күшейе түспек. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ең бастысы – парламенттің қанша палатасы бар екені емес, оның халықтың сеніміне ие болуы, ашық жұмыс істеуі және жауапкершілігі деп ойлаймын. Сондықтан жаңа бастама Қазақстанның болашағына оң әсер ететініне сенім зор. Жолдау – елдің дамуы мен әр азаматының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Цифрландыру, жасанды интеллект, инвестициялар, білім – Қазақстанды болашаққа сенімді қадаммен жетелейтін басты факторлар», - деді Бибігүл Жексенбай.

Ол сондай-ақ Жолдауда көтерілген өзекті мәселелерге тоқталды.

«2025 жылғы Президент Жолдауы – елдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағдарлама. Жолдауда жеті басты бағыт белгіленген: инвестициялық саясат, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, транспорт пен туризм, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және су инфрақұрылымы, кәсіпкерлік және адами капитал. Цифрландыру мен жасанды интеллект – жаңа ұлттық идея екені айқындалып отыр. Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні елдің барлық саласында кеңінен енгізуді тапсырды. «Digital Qazaqstan» бағдарламасы арқылы жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай жүйесі құрылмақ. Бұл Қазақстанды технологиялық дамуда алдыңғы қатарға шығарып, экономикалық бәсекеге қабілетті етеді», - деді Сенат депутаты.

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, инвестициялар енді тек шикізатқа емес, өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары технологияларға бағытталады. Алатау қаласы мен арнайы экономикалық аймақтар елдің инвестициялық мүмкіндігін арттырады. Өнеркәсіп-өңдеуші және тау-кен металлургиясы, атом энергетикасы, газохимия – еліміздің өндірістік қуатын арттыратын басты бағыттар.

«Ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге бөлініп, агрохолдингтердің тәжірибесі мен инновациялар кеңінен қолданылатын болады. Жасанды интеллект арқылы жердің сапасы, өнімділік және өндіріс циклдары сандық бақылауда болады. Бұл қадам отандық өнімнің сапасын арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтеді. Транспорт, туризм және инфрақұрылым саласында бастамалар бар. Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көпір. Теміржол, автожол, мультимодальды көлік, туристік кадрлар, автономды көліктер мен дрондар – осы бағыттарда нақты жобалар жүзеге асады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтар мен су инфрақұрылымын жаңғыртуда да цифрлық платформалар маңызды рөл атқарады», - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенат депутаты кәсіпкерлік пен адами капиталға Президент ерекше тоқталғанын жеткізді.

«Бизнес үшін заңнаманы жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді азайту, салық мәдениетін дамыту бағытында Үкімет пен Парламентке тапсырмалар берілді. Орта және шағын бизнес – экономиканың қозғаушы күші. Білім саласында жасанды интеллект негіздері оқытылып, шалғай ауылдарда сапалы білім қамтамасыз етіледі. 2025 жыл – еңбек мамандықтарына арналады, жұмысшыларға лайықты жалақы мен мәртебе беріледі. Ел Президенті өз Жолдауында «Қоғамдық сұраныс пен саяси жүйенің эволюциясына сәйкес, біз алдағы уақытта бір палаталы Парламент құру мәселесін талқылауға шығарамыз. Бұл – Қазақстандағы демократиялық дамудың жаңа кезеңі» деді. Шынымен де, Президент ұсынған бастама – Қазақстан демократиясының эволюциясы. Бұл өзгеріс елдің саяси жүйесін жеңілдетіп қана қоймай, Парламенттің халықпен байланысын күшейтеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қос палаталы Парламент үлгісін таңдады. Бұл модель елдегі саяси тұрақтылық пен аймақтардың мүддесін ескеруге мүмкіндік берді. Сенат пен Мәжіліс арасындағы теңгерім заң шығару процесін жүйеледі, бірақ кей жағдайда шешім қабылдау мерзімін ұзартатыны байқалатыны айтылып жүрді. Енді халықтың талқысына Референдум арқылы ұсынылады. Бұл да «халық үніне құлақ асатын билік» қағидатына сай жүргізіліп отыр», - деді спикер.