Елордалық қоғамдық кеңес мүшелері Президент Жолдауын талқылады
Елордадағы Кәсіподақ федерациясында үкіметтік емес ұйымдар қатысуымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талдау бойынша жиын өтті, деп хабарлады Elorda.info.
«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының басшысы Төлеген Кунадилов Мемлекет басшысының Жолдауында айтқан ең төменгі жалақы көлемі туралы айтып өтті.
Үкіметтік емес ұйымдар біздің қоғамдағы әртүрлі мәселені шешуге тырысады. Оның ішінде әлеуметтік мәселелер басты орында деп айта аламыз. Халықтың күнкөріс деңгейін көтеру ел халқының жағдайына оң әсер ететін болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтып өтті. Яғни, біздің елімізде тағы да ең төменгі жалақы көлемі 60 мыңнан 70 мыңға көтеріледі. Бұл 1,8 миллион азаматтың тікелей табысына әсер ететін болады, - деді Төлеген Кунадилов.
«Белсенді азамат» қоғамдық ұйымның төрағасы Камал Түзелбаев ауылдық жерде медициналық сапаны жақсарту туралы пікір білдірді.
Білім күнімен қатар келген Жолдауында Мемлекет басшысы экономикалық даму, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, денсаулық салаларына айқын тоқталды. Бұл Жолдауы өте ауқымды әрі маңызды болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз деді. Өткен референдумда халықтың көпшілігі осы саяси жаңғыртуды қолдап тұр. Медицина саласында да өзгерістер болады. Екі жыл ішінде қазіргі кезде медициналық мекемесі жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пунктілер салынып, толықтай жабдықталатын болады, - дейді Камал Түзелбаев.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар алдағы сайлау науқаны туралы талқылады.