Жүрек трансплантациясы: донорлық туралы не білу керек

Жүрек трансплантациясы: донорлық туралы не білу керек
Фото: pexels.com

Қазақстанда жүрек трансплантациясы бойынша операциялар жасалады. Бұл ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді. Алайда трансплантацияның қолжетімді болуы донорлыққа тікелей байланысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, жүрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастар үшін донорлық жүректі күту – өмірін жалғастыру мүмкіндігін күту деген сөз. Қазақстанда ағза трансплантациясы бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

«Трансплантация мүмкіндігі донорлықтан басталады», – деп хабарлады ведомство.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі қоғамда түрлі сұрақтар мен алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл тақырып туралы ашық әрі сенімді ақпаратқа сүйене отырып түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.

Министрлік қайтыс болғаннан кейінгі донор болу туралы шешім әр адамның жеке таңдауы екенін атап өтті. Сонымен қатар бір адамның ағзаларын донорлыққа беруі бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Ведомствоның мәліметінше, трансплантацияны қажет ететін адамдар үшін донорлық – ұзақ жылдар бойы қалыпты өмірге оралу мүмкіндігін күтумен байланысты маңызды мәселе.

Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі өз шешімін жариялаған еді.

Одан бұрын Астанада бір донордың үш адамның өміріне үміт сыйлағанын жазғанбыз.