Президент Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған Қазақстанның қыздар құрамасын құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент өз құттықтауында Бибісара Асаубаева бастаған ұлттық құраманың турнирдегі бірде-бір ойында жеңілмегенін атап өтті.
Қазақстандық шахматшылар тек әлемнің ең мықты құрамаларының бірі саналатын Қытай командасына есе жіберді.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық шахмат шеберлерінің өткен олимпиададағы нәтижесін қайталап, тағы да екінші орын алғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы спортшылардың жоғары шеберлігі мен табандылығы Қазақстан шахматының әлеуетін көрсететінін атап өтіп, құрама мүшелеріне зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тіледі.