«Әр рейс – жаңа хикая»: бортсерік жұмысының беймәлім тұстары

«Әр рейс – жаңа хикая»: бортсерік жұмысының беймәлім тұстары
Фото: Ғазиза Елтүзерованың жеке мұрағатынан

«Әр рейс – жаңа бір хикая, ал әр жолаушы өз болмысымен ерекше». Air Astana әуе компаниясының бортсерігі Ғазиза Елтүзерова Elordainfo.kz-ке берген сұхбатында алғашқы рейсі, ұшу кезіндегі жауапкершілік, турбуленттілік, жолаушылармен қарым-қатынас және бұл мамандықтың өзіне қалай әсер еткені туралы айтты.

– Ғазиза ханым, бортсерік болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Шынымды айтсам, бала күнімде ұстаз болуды армандадым. Ал бортсерік мамандығы өміріме кейін келді. Бірақ бұл мен қабылдаған ең ерекше әрі дұрыс шешімдердің бірі болды.

– Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?

– Әлбетте! Осыдан төрт жыл бұрын, 2022 жылдың 30 қыркүйегінде Алматы–Дубай бағыты бойынша алғашқы рейсіме экипаж мүшесі ретінде шықтым. Ол рейс мен үшін әрі қиын, әрі қызықты болды. Әртүрлі жолаушымен таныстым, жаңа ортаға бейімделдім, әріптестеріммен бірге жұмыс істедім. Бәрі жаңа болғандықтан, сол рейстен ерекше эмоциялар алдым.

– Ұшақ көкке көтерілгенде не ойлайсыз?

– Ұшақ ішінде жұмыс істеу – айрықша мамандық. Сондықтан әр көтерілген сайын белгілі бір толқыныс болады. Бірақ ең бастысы – эмоцияға берілмей, барынша кәсіби түрде жұмыс барысына көңіл бөлу.

– Жолаушылар байқамайтын жұмысыңыздың ең қиын тұсы қандай?

– Өте жақсы сұрақ. Көп жағдайда жолаушылар бортсерік жұмысын шетел аралау, түрлі елдер мен мәдениеттермен танысу мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Бірақ олар байқамайтын ең маңызды тұсы – үлкен жауапкершілік.

Әр бортсерік борттағы жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап береді. Сондықтан біздің жұмысымыздағы басты нәрсе – жай ғана қызмет көрсету емес, кез келген жағдайда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

– Ұшу кезінде өзіңіз қорыққан кез болды ма?

– Жұмысты енді бастаған кезде, әрине, турбуленттілік немесе ауа райының қолайсыздығы кезінде белгілі бір деңгейде толқыныс болатын. Бұл – кез келген адамға тән табиғи сезім.

Қазір білім мен жинаған тәжірибенің арқасында ол қорқыныш толықтай сенімділікке ауысты. Біз турбуленттіліктің себептерін, ұшақтағы техникалық процестерді және экипаждың кез келген жағдайға дайын екенін жақсы білеміз.

Біздің басты міндетіміз – жолаушыға жайлылық пен қауіпсіздік сезімін сыйлау. Ал өзіңде сенімділік болмаса, оны өзгеге де бере алмайсың.

– Ең есте қалған жолаушыңыз кім?

– Маған белгілі бір адамнан гөрі, әртүрлі мәдениет пен тағдыр иелерімен жүздескен сәттер есте қалады. Мысалы, халықаралық рейстерде өзге елдің мәдениетін ұстанатын, өте сыпайы әрі қонақжай жолаушылармен тіл табысу әрдайым қызық.

Әр рейс – жаңа бір хикая. Ал әр жолаушы өзінің болмысымен ерекше.

– Бір жолаушының өміріне әсер еткен оқиға болды ма?

– Менің өзім қызмет еткен рейстерде ондай жағдай болған жоқ. Бірақ менімен бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің арасында жолаушылардың өмірін аман алып қалған оқиғалар болғанын естідім. Бұл да біздің жұмысымыздың қаншалықты жауапты екенін көрсетеді.

– Жұмыс барысында ең көп сағынатыныңыз не немесе кім?

– Авиация саласы романтика мен түрлі эмоцияға толы. Сондықтан сағынатыным – маған осы эмоцияларды сыйлаған адамдар мен жерлер.

– Үйге келгенде өзіңізді қалай қалыпқа келтіресіз?

– Бортсерік жұмысы тұрақты қозғалысты және биіктіктегі қысымның өзгеруін талап етеді. Сондықтан ағзаға түсетін жүктемені ескеріп, рейстен кейінгі демалысқа мән берген маңызды.

Үйге келген соң барынша демалуға тырысамын. Кейде медитация мен терапия әдістерін қолданамын.

– Бортсерік болу мінезіңізді өзгертті ме?

– Әр жұмыс адамның бойындағы белгілі бір қасиеттерді қалыптастырады немесе жаңа қырларын ашады. Мен үшін бұл мамандық тұлға ретінде өсуіме үлкен әсер етті.

«Бұрынғы Ғазиза» мен «қазіргі Ғазизаның» арасында айырмашылық бар деп айта аламын. Бұл мамандық өзімнің жаңа қасиеттерімді дамытуға мүмкіндік берді. Сол үшін өте ризамын.

– Шетелдік жолаушылар Қазақстан туралы не сұрайды?

– Шынын айтсам, рейс барысында міндеттерімізге байланысты жолаушылармен ұзақ сөйлесуге көп мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен ұзақ рейстерде Аустралия мен Америкадан келіп, Қазақстан арқылы саяхаттап жүрген транзиттік жолаушылардың еліміздің көрікті жерлеріне, табиғатына және тарихына қызығатынын байқаймын.

Мүмкіндік болса, олармен әңгімелесіп, Қазақстан туралы айтып, өз кезегінде олардың мәдениетімен танысқанды өзім де ұнатамын.

– Қызметіңізде ешкім байқамайтын, бірақ маңызды бір әрекетіңіз қандай?

– Біздің салада жұмыс істейтін әріптестер өте көп. Мен бұл жұмысқа келген күннен бастап әр рейске мұқият дайындалып, уақытымды дұрыс жоспарлауға тырысамын. Бірде-бір рейстен кешікпей, әр міндетіме жауапкершілікпен қарау мен үшін маңызды.

Осындай еңбекке деген жауапкершілігім үшін компания тарапынан жыл сайын түрлі марапатқа ие болып жүрмін. Бұл – мен үшін үлкен мотивация.

– Бұл мамандықты таңдағаныңызға өкінген кез болды ма?

– Жоқ, өкініш сезімі болған емес. Бортсерік болу – көптеген адамның арманы. Жұмыс талаптары қаншалықты қатаң болғанымен, бұл мамандықтың адамға берері өте көп деп ойлаймын.

– Егер бүгін стюардесса болғысы келетін бір қыз сізге хабарласса, оған не айтар едіңіз?

– Алдыңыздан шыққан қиындықтардан қаймықпай, тек алға ұмтылыңыз дер едім. Бұл салада кездесетін қиын сәттердің бәрін сынақ ретінде қабылдау керек. Әр сынақ адамның көзқарасын өзгертіп, жаңа қырын ашуы мүмкін.

Сондықтан өзіңізге сеніп, таңдаған жолыңыздан таймаңыз деп кеңес берер едім.

– Сұхбатыңызға рақмет!