Су саласына жеке инвестиция тарту тетіктері талқыланды

Су саласына жеке инвестиция тарту тетіктері талқыланды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстандағы су ресурстарын басқару жүйесінде жаңа Су кодексін іске асыру, бассейндік жоспарлау және су саласына инвестиция тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл мәселелер Қазақстандағы су саясаты жөніндегі ұлттық диалогтың Ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің тоғызыншы отырысында талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар халықаралық ұйымдар, шетелдік дипломатиялық миссиялар және сарапшылар қатысты.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаевтың айтуынша, жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілгеннен бері оны іске асыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды.

«Жаңа Су кодексінің қолданысқа енгізілгеніне бір жылдан асты. Қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің басым бөлігі әзірленді, жаңа тетіктерді іс жүзінде қолдану басталды», – деді Арсен Жақанбаев.

Вице-министрдің мәліметінше, қазір Қазақстандағы сегіз су шаруашылығы бассейнінің барлығында бассейндік жоспарлар әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілген.

Арсен Жақанбаев бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп жалғастырудың маңызын атап өтті.

Отырыс барысында су шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселелері де қаралды. Қазақстандық және халықаралық сарапшылар өңірлердің сумен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру үшін табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

Жеке сессияда су саласына жеке инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру мәселесіне назар аударылды.

Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға жеке инвестиция тарту жолдары қарастырылды.

Бұдан бөлек, Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттаманың орындалу барысы талқыланды.

Кездесу соңында қатысушылар 2025-2026 жылдарға арналған Ұлттық диалогтың жұмыс жоспарының орындалу барысын қарады.

Сондай-ақ 2027 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланды.

Министрліктің хабарлауынша, құжатта су заңнамасын одан әрі жетілдіру, су ресурстарын басқару мен жоспарлауды дамыту, климаттың өзгеруіне бейімделу, су саласына инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары қамтылған.

Бұған дейін Қазақстанда балаларға су үнемдеу мәдениеті насихатталатыны хабарланған еді.