Астана әуежайында ана мен бала бөлмелері жаңартылды
Астана халықаралық әуежайында ана мен балаға арналған бөлмелерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әуежайда ана мен балаға арналған барлығы алты бөлме бар. Соның үшеуінде жөндеу жүргізіліп, жиһаздар жаңартылды», - делінген хабарламада.
Бөлмелер кішкентай балалармен сапарға шыққан жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталған. Жаңартылған кеңістікте тазалыққа, қолайлылық пен жайлылыққа ерекше мән берілген.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау – әуежай қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта терминалдардағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасады.
Еске сала кетейік, АҚШ сарапшылары Қазақстан мамандарына авиациялық қауіпсіздік бойынша оқу өткізді.