Астанада Әкелер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
Астанада «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Әкелер күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қоғамда әке мәртебесін көтеру, берік отбасын құру және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруде әке орнының ерекше екенін дәріптеу мақсатында өткен шараға қоғам белсенділері, отбасы институтын қолдаушылар, үлгілі әкелер, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының қызметкерлері қатысты.
«Бұрын қазақ отбасында «Әкең біледі», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнен рұқсат сұра» деген сөздер баланың санасына әкенің жауапкершілігі мен беделін сіңіріп отырды. Бүгінде де әкенің отбасындағы орнын көтеру үшін осы тәрбиелік ұстанымдарды заман талабына сай жалғастыру маңызды. Әке – отбасының тірегі, бағыт-бағдар беруші тұлға. Сондықтан қоғамда әкеге деген құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беру қажет», – деді сценарист, театртанушы, ақын Қуат Мұратұлы.

«Отбасылық құндылықтар және әке жауапкершілігінің маңызы» тақырыбында сөз сөйлеген Қадыр Мырза Әли атындағы Binom мектебі әкелер одағының төрағасы Берікхан Нұрғалиев әкенің отбасының асыраушысы ғана емес, бала тәрбиесіндегі басты тұлғалардың бірі екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, ұлттық тәлім-тәрбиеге терең тамыр жіберген әкенің қамқорлығы мен тәлім-тәрбиесін көріп өскен бала елін, жерін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бағалайтын азамат болып қалыптасады.
Іс-шара аясында жиналған қауымға арналған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар мерекелік көңіл-күй сыйласа, балалар әкелеріне алғыс айтып, жүрек сөздерін жеткізді.
Еске салсақ, Астана өткен форумда белсенді әкелер өз тәжірибелерімен бөлісті.