Референдум-2026

Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 1,7 есеге артты

Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 1,7 есеге артты
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігі саланы дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 8,6 млрд кВт·сағатқа жеткен, бұл еліміздегі электр энергиясы өндірісінің жалпы көлемінің 7%-ы.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы ЖЭК объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 5,11 млрд кВт·сағатты құраса, оның елдің жалпы энергия теңгеріміндегі үлесі 4,5% деңгейінде болды.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы белгіленген межеден асыра орындалды. Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен астам өсті.

«Қол жеткізілген нәтиже «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды. Өсімнің негізгі факторы қатарында жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты өткізу, салаға инвестиция тарту, сондай-ақ жаңартылатын энергетика объектілерін пайдалануға беру бар», делінген хабарламада.

2025 жылы жалпы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергия көзі нысаны пайдалануға берілді. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 ЖЭК жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 жел электр станциясын, 5 күн электр станциясын және 1 су электр станциясын пайдалануға беру көзделген.

Еске салсақ, елімізде І жартыжылдықта 63,4 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді.