Президент: Әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау - биліктің барлық тармағының конституциялық міндеті
Бұл туралы Президент Ақордада медицина қызметкері күніне орай өткен салтанатты іс-шарада айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады.
Бұл міндет табысты орындалуда. Өткен жылы тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды (шамамен 18 миллиард доллар). Бұл – өте қомақты сома.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді.
Тегін медициналық қызметтерді қамтитын әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ.
Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет.
Мұны мемлекеттің нақты жетістігі ретінде атап айтқан жөн», - деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде нәзік жанды аруларымыз дүниеге перзент әкелгеннен кейін қандай жеңілдіктерге ие болатынын еске салды. Яғни, жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығып, тиісті төлемдер алатынын тоқтала келе жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отырғанын айтты.
«Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ.
Инновацияларды қарқынды түрде игеру, ем-дом шараларының жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау арқылы еліміз медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді», - деді Президент.