Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметіне заңсыз араласуға жол берілмейді
Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық кепілдіктері күшейтіледі. Тәртіптік жауапкершілікке тартудың қолайлы тәсілдері енгізіліп, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ жауапкершілікті жоққа шығаратын жағдайлар айқындалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжіліске сілтеме жасап.
Тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай 2 айдан 6 айға дейін сараланып белгіленеді және оларды мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар тәртіптік жазаға жатпайтын құқықтық ықпал ету шаралары енгізіледі. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметіне заңсыз араласудан, негізсіз айыптаулардан және басқа да заңсыз әрекеттерден қорғалуы қамтамасыз етіледі.
Уақытша бос тұрған «Б» корпусының әкімшілік лауазымдары бойынша міндеттерді орындау үшін конкурссыз қабылдау ұсынылады. Мұндай тұлғалармен бір жылға еңбек шарты жасалып, бұл кезең мемлекеттік қызмет өтіліне енгізіледі.
Шаруа немесе фермер қожалықтарының мүшелері мен жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қызметке кірген кезде 6 ай ішінде кәсіпкерлік қызметін тоқтатуға және мүлкін иеліктен шығаруға міндетті болады. Осы кезеңде олар кәсіпкерлікпен айналысуға және өз мүлкін басқаруға құқылы емес.