Референдум-2026

Астанада 200-ге жуық оқушы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады

Астанада 200-ге жуық оқушы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының күніне орай «Ұлы дала әуені: Абайдың ән мұрасы» атты қалалық музыкалық флешмоб өтті. Іс-шара аясында 200-ге жуық оқушы Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған іс-шара ашық аспан астында өтті. Әнді көпшіліктің бір мезгілде орындауы ұлттық өнердің байлығын айшықтаған әсерлі музыкалық көрініске айналды.

Бірлескен өнер балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ ұлттық мұраға деген құрметін нығайтуға ықпал етті.

Айта кетейік, жоба сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында рухани-адамгершілік, патриоттық және мәдени құндылықтарды қалыптастыруға үлес қосады.

Еске сала кетсек, Абай мұрасының цифрлық корпусына ақынның 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинағынан бастап, кейінгі жылдары дайындалған барлық академиялық басылымдардың электронды нұсқалары енгізілді.