Тамыз конференциясы: Астана қалалық ұстаздар форумы өтіп жатыр

Бүгін, 16:24
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
views40
Тамыз конференциясы: Астана қалалық ұстаздар форумы өтіп жатыр
Фото: Сабина Кәкімжан

Астанада “Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман” республикалық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы аясында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мұғалімдерге арналған “Педагогтердің кәсіби дамуы: болашаққа бағдар” панельдік сессиясы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның мақсаты гуманитарлық бағыттағы мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау, заманауи білім беру үрдісінде адал азаматты қалыптастыру мен кәсіби маман даярлау мәселелерін талқылау. Сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттырудың тиімді жолдарын анықтау үшін ұйымдастырылып отыр.

Сессияда мұғалімдер қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша тиімді тәжірибелері мен табысты педагогикалық практикаларын таныстырады. Цифрлық дәуірде мұғалімнің кәсіби дамуына қажет жаңа мүмкіндіктерді қарастырады.



Конференцияға қатысқандардың бірі тарих пәнінің мұғалімі Жанар Мұхаметбайқызы. 32 жылдан бері білім саласында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман бүгінде - "ҚР Үздік педагогі", "Астана қаласының Құрметті педагогі", сондай-ақ "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісінің иегері.

“Бүгін елордада педагогтердің тамыз конференциясы өтіп жатыр. 2025-2026 жылғы оқу жылында тамыз конференциясының нәтижесі сәтті өтеді деп ойлаймын. Себебі форум ерекше болып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Білім келешегі: адал азамат кәсіби маман” республикалық тамыз конференциясында ұстаздардың жолы ұлы миссия екенін, мұғалімдердің, балалардың құқығын қорғау жолында ұстаздардың міндеттерін атап өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, "Оқу үшін білім керек, білімді болу үшін күш керек, күшті болу үшін кәсіп керек. Осы жолда аянбай еңбек ету керек". Біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша ата-ана, бала, мектеп үшеуі үштік одақ болып қызмет жасағанда ғана нәтиже шығады”, - деді Астана қаласы №105 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанар Сабанбаева.

Астаналық ұстаз болашақ әріптестеріне пайдалы кеңес айтты.

“Ұстаз болу ұлы мәртебе. Ұстаз болу өзіңді ойлау емес, қоғамды байыту. Оқушыларым мен шәкірттеріме болашақта ұстаз болу үшін табысты еңбек етуге шақырамын. Ұстаз болу оңай емес. Бірақ оның жемісі мен жетістігі мол. Себебі неғұрлым еңбек еткен сайын соғұрлым нәтижеге жетесіз. Ал нәтижеге жету мінезден”, - деді елордадық ұстаз.