Шинкиокушинкай каратэден Astana Cup турниріне 500-ден астам қатысушы жиналды

Шинкиокушинкай каратэден Astana Cup турниріне 500-ден астам қатысушы жиналды
Фото: Астана қ. Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде шинкиокушинкай каратэден дәстүрлі халықаралық Astana Cup турнирі жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.


Биылғы жарыста Қазақстанның 14 өңірінен бөлек, Қырғызстан, Грузия, Өзбекстан, Моңғолия, Мажарстан, Польша елдерінің де спортшылары жүлдені сарапқа салып жатыр.

Турнирді  шинкиокушинкай каратэ федерациясы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. 

Республикалық бәсекенің салтанатты ашылу салтанатына әлем чемпионатының абсолютті жеңімпаздары, Жапониядан келген Кембу Ирики, Михиро Судзуки және Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп арнайы келді.

«Дәстүрлі додамыз 25 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Өздеріңіз байқағаныңыздай, турниріміздің деңгейі жылдан жылға артып келеді. Қазақстанның да әлемде өзіндік орны бар. Маусым айының басында ғана Жапонияда өткен 8-ші әлем чемпионатында жерлестеріміз 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте екінші орын алды. Осыдан-ақ еліміздегі бәсекелерге өзге мемлекеттердің қатысуға қызығушылығы артатыны анық. Қазақстан 2019 жылы жаһандық доданы қабылдап үлгерген. Сондықтан еліміз әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдауға қашан да әзір», - деп Шинкиокушинкай каратэ федерациясының вице-президенті Жомарт Айтқазы турнир жайлы айта кетті.

Сондай-ақ ашылу салтанатында шинкиокушинкай каратэ федерациясы әлем чемпионы атанған Антон Зимаревқа Астана қаласынан 1 бөлмелі пәтерді сыйға тартты.

Айта кетейік, Astana Cup турнирінің жеңімпаздары 29 маусымда анықталады.