00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Нұра ауданында абаттандыру жұмыстары кешенді жүзеге асты

24 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Нұра ауданында абаттандыру жұмыстары кешенді жүзеге асты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Нұра ауданында ыңғайлы, эстетикалық безендірілген ортаны қалыптастыру үшін жолдар, алаңдар, кіреберістер, үй маңындағы жолдар және көгалдандыру сияқты біртұтас композициялық шешім жасалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәселен, аудандағы 330 ауланың 48-сі жөндеуді қажет еткен болса, биыл оның 22-сі абаттандырылды. 42 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары істелді.

Бұған қоса 345 кіші архитектуралық пішіндер, 150 көше тренажері, 17 футбол алаңы, 223 орындық пен қоқыс жәшігі жиынтығы, 14 спорт алаңы жөнделді. Балалар алаңдарында 7 мың метр қоршау орнатылды және 6 мың шаршы метрден астам резеңке жабыны төселді.

«Үркер» тұрғын алабында тұрғындардың тынығуына арналған орындар пайда болды. 4 футбол алаңы жөнделді, 4 жаңа кіші архитектуралық пішін орнатылды, 10 кіші архитектуралық пішін мен 10 жаттығу алаңы жөнделді.

Сондай-ақ тасжолдарда 56 мың шаршы метр асфальтті бетон жабынын төсеу бойынша жұмыстар мен 18 мың шаршы метр шұңқырлы жөндеу жүргізілді. 500 көлікке арналған тұрақ аймақтары жабдықталды.

Тұран даңғылындағы «Ғарыш сапары» алаңы реконструкцияланып, 50 шаршы метр гранит плиталары ауыстырылды.

Биыл 4 қоғамдық кеңістікті орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар абаттандыру элементтерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, 16 мың шаршы метр тас төсем, 8 мың шаршы метрден астам мәрмәр және гранит плиталар ауыстырылды. Қоқыс жәшігі бар 150 орындық жөнделді. Ал «Үркер» тұрғын алабында 20-дан астам қоқыс жәшігі мен орындық қайта ретке келтірілді.

5 мүсіндік құрылысқа жөндеу жүргізіліп, олардың 4 мың шаршы метрден астам мәрмәр және гранит жабындысы ауыстырылды.

2024 жылы аудан аумағында 75 жаңа контейнерлік алаң жабдықталып, 15-і жөнделді. Оның ішінде «Үркер» темір жолында 63 контейнерлік алаң орнатылды.

Аула аумақтарын абаттандыру көгалдандырумен тығыз байланысты. 2024 жылы Нұра ауданында 9 691 ағаш, 9 500 шаршы метр гүлзар, 157 006 бұта, жалпы аумағы 855 метр болатын  өсімдік қоршаулары отырғызылды. Мысалы, Тұран даңғылында 1 143 ағаш, 103 496 бұта егіліп, 4 мың метр тіреу қабырғасы орнатылды. «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы аясында 4 560-тан астам ағаш отырғызылды.

​Көшелердің жол бойындағы бөлігін, қоғамдық маңызы бар жерлерді және аула аумақтарының ішін жарықтандыруды қамтитын ауданның түнгі келбеті маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда ауданда жыл басынан бері  638 жарықтандыру шамдары, 29 шақырым кабель желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Ауданда жол-көлік инфрақұрылымына қатысты жалпы ұзындығы 100 шақырым 231 көше орналасқан, биыл көлік басқармасы 22 көшені асфальттау бойынша жұмыстар жүргізді.

Сондай-ақ 29 аялдама кешені орнатылды. Ал қыркүйек-желтоқсан айларында 4 жылы аялдама кешені салынып, бюджет қаражатынан тыс «Үркер» теміржолында 19 желден қорғау кешені орнатылды.

Нұра ауданында 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында пайдалануға берілген тұрғын үй нысандарының жалпы ауданы 240 157,1 шаршы метрді құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр аудандарында жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы жазған болатынбыз.