00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Биыл Байқоңыр ауданында 130-дан астам аула абаттандырылды

Биыл Байқоңыр ауданында 130-дан астам аула абаттандырылды
Фото: Байқоңыр ауданы әкімшілігінен

Биыл Байқоңыр ауданында аулаларды абаттандыру жұмыстары бойынша елеулі көрсеткішке қол жеткізілді. Ауданда барлығы 132 аула абаттандырылды. Оның 60-ы кешенді абаттандырылса, 72-сіне жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішіндегі 22-сі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұдан бөлек, ауданда бос орындарға қоғамдық кеңістіктер салынып, балалар ойын алаңдары орнатылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 13 жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды.

Ауданда соңғы жылдарда алғаш рет «Жастар сарайы» маңындағы субұрқақтар толық жөндеуден өтті. Сондай-ақ аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру аясында 100 мың шаршы метр асфальт пен 50 мың шаршы төс төсемі салынған.

Аудан әкімшілігі атқаратын жұмыстардың басым бағыттарының бірі ауданды көгалдандыру екені белгілі. Бұл тұрғыда жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1204 ағаш және 1099 бұта отырғызылды. Суару жүйесінің жаңа учаскелері құрылды, ағаштарды тәждеу былтырғы жылдан 2,5 есе асатын көлемде орындалды.

Сондай-ақ 24 учаскеде жарықтандыру мәселелері шешілді. Көшелер мен саябақтарда 397 жаңа жарықтандыру тірегі мен 559 шам орнатылды. Бұған қоса 357 шам және 63 жарықтандыру тірегі ауыстырылды.

Жыл соңына дейін 40 орынға 240 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған.

Ал тазалық пен тәртіпті сақтау үшін 28 арнайы техника сатып алынып, жыл соңына дейін тағы 31 машина сатып алынбақ. Соның арқасында арнайы техника паркі 20%-ға жаңартылатын болады.

Аудан әкімшілігі тұрғын үй қорының жағдайына да көңіл бөліп отыр. «Астана қаласының тұрғын үй қорын 2023-2029 жылдарға қайта жаңарту» бюджеттік жобасын іске асыру шеңберінде 104 апатты үй бұзылуға жатса, жыл соңына дейін 9 үйді бұзу жоспарлануда. Ал мемлекет мұқтажы үшін алу аясында биыл 52 үй бұзылса, 6 үйге жаңғырту жүргізілген.

Аумақты дамытудың ажырамас бөлігі жол инфрақұрылымының сапасы болып табылады. Бұл үдеден шығу үшін биыл Сарыарқа ауданында ұзындығы 8,2 км болатын 12 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Ауданның 8 көшесіндегі ұзындығы 9,4 км пандустары бар жаяу жүргіншілер тротуарларын абаттандыру жұмыстары да шешімін тапты.

Аудан әкімімен өткен кездесулерде «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындары тротуарлар мен көшелердің жай-күйі бойынша бірнеше рет мәселе көтерген болса, биыл әкімшілік көлік басқармасымен бірлесіп Өндіріс, Жаңажол, Тайбұрыл және Үшқоңыр көшелерінің бойында 9 км жаңа тротуар салуды қолға алып, мерзімінде аяқтады.

Көлік инфрақұрылымын дамытудың құрамдас аспектілерінің бірі - қоғамдық көліктің белгіленген бағыттарда жүйелі қатынауы және жылы аялдама кешендерінің саны жеткілікті болуы. Бұл үшін ауданда 49 жылы аялдама орнатылды. 13 жаңа жылы павильон қосылып, оның 3-і Бараев, Кравцов және Уәлиханов көшелеріне инвесторлар есебінен жеткізілді. Жыл соңына дейін Бөгенбай батыр даңғылы мен Алаш тас жолында тағы да 2 жылы аялдама пайда болмақ.

Ал жыл басынан бері Байқоңыр ауданында жаңа автобустар 73 бірлікке жаңартылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарында жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы жазған болатынбыз.