00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Есіл» ауданында 80 мыңнан астам жасыл желек егілді

20 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
«Есіл» ауданында 80 мыңнан астам жасыл желек егілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Есіл» ауданы әкімшілігі жайлы және заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға басымдық беріп, жыл басынан бері елордалықтарды үлкен өзгерістермен қуантып келеді. Биыл аудан әкімдігі аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жаңарту бойынша көптеген маңызды істерді атқарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жыл басынан бері көпірлер жаңартылды, веложолдарға жаңа асфальт төселді, орындықтар, қоқыс жәшігі мен жарықтандыру тіректері қалпына келтірілді. Сондай-ақ ұзындығы 600 метрлік демалуға арналған ағаш террассалар салынып, тренажерларда жаттығуға арналған аймақтар, спорт және ойын алаңдары жаңартылды.

Абаттандырудың маңызды бөлігіне айналған аулаларды жаңғырту бойынша да көптеген жұмыстар атқарылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында «Отандастар», «Инфинити 1», «Инфинити 2» және «Мисон» тұрғын үй кешендеріндегі аула алаңдары жаңартылып, тұрғындарды, соның ішінде балаларды ерекше қуанышқа бөледі. Ауданда 5 аула аумағында кешенді, ал жалпы 49 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Бұған қоса ауданның қоғамдық кеңістігін абаттандыруға көп көңіл бөлініп отыр. Қонаев, Достық, Ақмешіт көшелері, Ұлы Дала даңғылы және ЭКСПО аумағындағы тротуарлар мен демалыс орындары заманауи жабдықталды.

Рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Анықталған 63 орынның 52-де тазарту жұмыстары аяқталып, 35 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Фото: «Есіл» ауданы әкімшілігінен

​Ауданда көгалдандыру бағыты бойынша биыл 84 мыңнан астам жасыл желек егілді. Оның ішінде 10 мың ағаш және 74 мыңнан аса бұта мен көпжылдық өсімдік бар. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында қосымша 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, қаладағы жасыл желектің саны артты. Ал Ботаникалық бақтың аумағына егілген 20 мыңнан астам өсімдік аумақты одан әрі көгалмен көмкерді. 

Қосымша күш-жігер ауданды жарықтандыруды одан әрі жақсартуға, яғни сыртқы көріністі сәндеумен қатар, энергия тиімділігін арттыруға бағытталды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Алматы», «Сарыарқа» аудандарында жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы жазған болатынбыз.