«Хабар Summer»: Астанада «Хабар» агенттігінің 30 жылдығына арналған ерекше фестиваль өтті


Астанадағы «Жетісу» саябағында «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойына орай ерекше форматтағы «Хабар Summer» жазғы фестивалі өтті. Шараның басты мақсаты – теледидарды студия шеңберінен шығарып, көрерменмен бетпе-бет жүздесу, тікелей қарым-қатынасты жандандыру болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Таңғы уақыттағы фестиваль «Оян» бағдарламасының ашық аспан астындағы арнайы шығарылымымен басталды. Жүргізушілер көрерменмен саябақ ішінде жүздесіп, күннің тыныс алу жаттығуларынан басталуына ұйытқы болды. Қала тұрғындары кәсіби йога жаттықтырушыларының нұсқауымен жаттығу жасап, психологтар мен медицина саласындағы сарапшылардың пайдалы кеңестерін тыңдады.
Белгілі отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қатысушылардың жеке сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі қоғамға офлайн қарым-қатынастың маңызын атап өтті:
«Көрермен көп жағдайда теледидарды тек экранның ар жағынан ғана қабылдайды. Бірақ дәл осындай шынайы жүздесу бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Біз қазір онлайн мен офлайнның тең интеграциясына мән беруіміз керек», – деді ол.
Фестиваль аясында караоке аймағы, флешмобтар, түрлі белсенділіктер ұйымдастырылып, көрермендер мен қала тұрғындары қатысып, мерекелік көңілкүйге бөленді.
«Оян» бағдарламасының жүргізушісі Дарын Олжабай бұл бастаманың сәтті жүзеге асқанын айтты:
«Бұл — мүлде жаңа формат. Біз эфир шеңберінен шығып, көрерменмен тікелей байланыс орнатуды қаладық. Сол арманымыз бүгін орындалды».
Кешкісін көпшілікке «Келінжан» отбасылық телехикаясының ашық аспан астындағы көрсетілімі ұсынылды. Киноны саябақтағы жайлы орындықтарға жайғасқан тұрғындар үлкен экраннан тамашалап, сүйікті кейіпкерлермен бірге күліп, көңіл көтерді.
Астана тұрғыны Рашит Мұстафин фестиваль жайлы:
«Бұл — отбасыммен уақытты мазмұнды өткізуге жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар отандық киноны жақыннан тануға ықпал етті», — деді.
Ал қала қонағы Гүлжан Өтемісова:
«Қызым екеуміз – «Келінжан» сериалының жанкүйеріміз. Кездейсоқ осы көрсетілімге тап болып, ерекше әсер алдық», — деп бөлісті.
Автор: Аяна Қабылбекова



