Елордада зиялы қауым өкілдері мен журналистер арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр

15 наурыз, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Елордада зиялы қауым өкілдері мен журналистер арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр
Elordainfo.kz

Іс-шара Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен "Elorda Aqparat" ЖШС ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Бұл туралы Elorda.info.kz хабарлайды. 

Іс-шара қазақ халқының ұлттық дәстүрі – Көрісу күніне орайластырылған. 14 наурыз – Көрісу күні ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірімен амандасып, үлкендерге құрмет көрсететін ерекше мереке. Осы дәстүрді дәріптеу және ел бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған турнирге жазушылар Төлен Әбдік, Қойшығара Салғара, қоғам қайраткерлері Алдан Смайыл, Нұртөре Жүсіп, Қайрат Сақ және басқа да танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлері қатысып жатыр. 

"Қаламгерлер қауымы арасындағы бильярдтан турнирді Наурыз мерекесіне орайластырып жасап отырмыз. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен "Елорда ақпарат" бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Неше жылдан бері чемпион болып келе жатқан мықты сұр мергендер бүгін де арамызда.  Былтыр жеңімпаз болған Жанарбек Әшімжанов, Еркебұлан Қайназаров, Ерлан Омаров, Нұртөре ағаларымыз, Қайрат Сақ ағаларымыз сияқты мықтылар келіп отыр", - деді "Elorda Aqparat" ЖШС директоры Олжас Сыдықбек.

 Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, шара қалам ұстаған замандастардың басын қосу,  ой алмасуға түрткі болу үшін жасалып отыр. 
"Қаламгер ағаларымыз, замандастарымыз қаламмен ғана емес, бильярд тақтасымен де дөп тигізіп жүргенін білеміз. Шараның мақсаты – қалам ұстаған замандастарымыздың шүйіркелесу, ой алмасуына түрткі болу", - деді ол. 

Жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік зиялы қауым мен журналистердің бір-бірімен пікір алмасуы үшін осындай шаралардың маңызы зор екенін айтты. 

"Ұрпақ пен ұрпақтың арасындағы жалғас үзілмеуі керек. Жүзімізді көріп, дидарласу, пікірлесу біздің көңілімізді көтереді. Қоғамды өзгертетін журналистика, өрттей өзекті мәселелерді көтеретін журналистика. Заман болғаннан кейін мәселе болмай тұрмайды. Біз тұтас болсақ, бір организм болсақ, біз бәрін жеңеміз. Сондықтан осындай жақсы жиындар керек", - деді жазушы.