00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада жаңа көпшілік кітапхана ашылды

Елордада жаңа көпшілік кітапхана ашылды
Фото: Facebook/Ерлан Каналимов

Бүгін Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев №8 көпшілік кітапханасын салтанатты түрде ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты жаңа кітапхана Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 8/2 мекенжайы бойынша орналасқан.

Кітапхананың салтанатты ашылуына мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері де қатысты.

Нысанның ашылу барысында келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.

«Кітапхана - білім ордасы. Бұл жерде әр адам өзінің жеке дамуына көңіл бөліп, білімін арттырады. Кітапхана халқымыздың әдеби, мәдени және рухани дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Өткен жылы елорда әкімдігімен бірлесіп, мәслихат «Астананың кітапхана жүйесін дамытуға арналған кешенді жоспарын» әзірлеп, бекітті. Осыған дейінгі 18 кітапханамызға күрделі жөндеу жасап, жаңа форматта реформаладық. Міне, осы уақытқа дейін 3 жаңа кітапхана ашылса, тағы бір кітапхана өзінің ашылу кезегін күтіп тұр. Келесі жылы да кітапханалар санын одан әрі көбейтуді қолға алмақпыз. Оған қоса кітап қорын көбейту – негізгі мақсатымыз. Кітап болғасын, ол қағаз жүзінде болу керек. Компьютердегі кітапты оқыған қағаз кітапты оқығандай болмайды. Бұл екеуін адамның қабылдауы да бөлек, одан алар сезімі де басқаша.

Кітапхананың құр санын көбейтіп қана қоймай, сапалы қызмет көрсету – басты міндет. Бұл, ең бірінші, инфрақұрылымға байланысты болса, екінші, осы жердің жағдайына байланысты. Яғни, тұрғындарға кітапхананың жақын болуына, интернеттің қосулы тұруына, оқырмандардың кофе-шайын ішіп, қажетті кітабын оқи алуына байланысты. Ал сапалы қызмет көрсететін – үлкен буын болсын, жас буын болсын, кітапханашылар, өздеріңіз», - деді Ерлан Каналимов.

№8 көпшілік кітапханасының кітап қоры көркемөнер әдебиеті, энциклопедия және салалық әдебиеттен - барлығы 5 мыңнан астам кітаптан құралған. Кітапхана 18 жастан жоғары оқырмандарды қамтиды.

«Астана қаласында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесіне 20-дан астам мекеме кіреді. Биылдан бастап 4 жаңа ғимарат беріліп, біз соның ішінен кітапхана аштық. Сөйтіп, біздің мекемеміз 4 кітапханаға көбейді. Қазір жүйеде барлығы 22 мекеме бар.

Бүгін сол көпшілік кітапхананың бірі ашылып отыр. Мұнда екі бөлім бар: кітап беру және коворкинг бөлімдері. Оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Күрделі жөндеу жүргізілген. Жиһаздары мен кітаптарына дейін жаңадан сатып алынған. Тағы бір қуанарлығы, кітапхана қызметі тұрғындар үшін тегін.

Жалпы, бүгінде Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қоры 800 мыңдай болса, оқырманы 80 мыңнан асты», - деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева.

Шара аясында Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жылдық мерейтойы және Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты мекеменің жас маман кітапханашылары арасында өткен «Мен таңдаған мамандық - кітапханашы» атты байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаты Бауыржан Касымбергебаев жеңімпаздар мен қатысушыларға  жүлделерін табыстады.  

Шығармашылық байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды кітапханалық процестерді автоматтандыру қызметінің маманы Архат Абылғазин, екінші орынды №7 кітапхананың аға кітапханашысы Гаухар Жұмқазиева, ал бірінші орынды көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған арнайы кітапхана меңгерушісі Абдусамат Қуантай иеленді. Гран-при мен Дубайға жолдаманы №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Ахметова жеңіп алды.

Өзге де байқауға қатысушыларға сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.