CISM әлем чемпионаты: Қазақстан қоржынында 4 алтын, 3 күміс, 1 қола

14 тамыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views163
CISM әлем чемпионаты: Қазақстан қоржынында 4 алтын, 3 күміс, 1 қола
Фото: Qazaq Kuresi Ассоциациясы / Қайсар Қайсенов

Бүгін Астанада әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен өтіп жатқан CISM Әлем чемпионатының бірінші жарыс күні өз мәресіне жетті. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген мықтылардың басын қосқан додада қазақстандық балуандар шеберліктерін танытып, жүлдеге талас жолында сенімді қадам жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Күннің басты жаңалығы жеті бірдей отандасымыздың финалдық кезеңге жолдама алуы болды.

Финалдық кезеңде алғашқы болып кілемге шығып, 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен екі дүркін Әлем чемпионы Бекжан Төлепов ирандық қарсыласы Рияхи Абулфазлмен кездескен болатын. Тартысты күрестің нәтижесінде отандасымыз бір жартылай жеңіс және екі жамбас ұпайымен айқын басымдыққа ие болды. 66 келіде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сағындық Әшім өзбекстандық балуан, кураштан Әлем чемпионы Артём Штурбабинмен белдескен болатын. Негізгі уақыт тең аяқталып, қос балуан қосымша бір минуттық белдесуге шықты. Мұнда салмақ өлшеуде қарсыласынан біршама жеңіл болған Сағындық Әшім қазақ күресінің ережеге сәйкес жеңіс тойын тойлады. 

Бұдан кейін 82 келіде ел намысын қорғаған "Дала кырандары – 2025" титулының иегері Нұрдәулет Бақытбайұлы ресейлік самбо шебері, Әлем чемпионатының жүлдегері Глеб Головпен айқасты. Бес минутқа созылған бұл күрес барысында қос балуанның ұпайлары тең түсті. Қосымша бір минуттық белдесуде отандасымыз әдіс жасауға ұмтылған сәтінде өзі жауырынға түсіп қалып, жеңістен айырылып қалды. Ал 100 келіде самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері ресейлік Владимир Досияк кураштан Азия ойындарының чемпионы Жахонгир Маматрахимовты бір жамбас әдісімен ұтты.


Әйелдер сыны да аса тартысты өтті. Атап айтқанда, 48 келіде өнер көрсеткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Айжан Жылқыбаева қырғызстандық қарсыласы Алиман Абдрашитованы небары 80 секундта таза жеңіп, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. 56 келідегі сынға түскен екі дүркін Әлем чемпионы Рауза Нұрмұхамметова да жанкүйерлерін қуантты. Ол кураштан Қырғызстан чемпионы Сабина Жаанбекованы екі минуттың ішінде таза жеңіспен ұтып, бұл атаққа үшінші мәрте ие болды. 

Өкінішке қарай, айналмалы жүйе бойынша 65 және 77 келі салмақ дәрежелерінде күрескен Зарина Сарипова мен Зәмзәгүл Файзолланова алтынға бір қадам жерде сүрінді. Егер Зарина Ресейден келген бұрымды балуан Дария Кузмичевадан айласын асыра алмаса, Зәмзәгүл Файзолланова өзбекстандық балуан Шахзода Бозоровадан жеңіліс тапты.

Сонымен бірінші жарыс күнінің нәтижелері төмендегідей:

Ерлер

55 kg

І орын – Bekzhan TOLEPOV KAZ 

ІІ орын – Kimal OBOLBEKOV KGZ 

ІІІ орын – Khurshidbek CHORIEV UZB

ІІІ орын – Riyahi ABOLFAZL IRI

66 kg

І орын – Sagyndyk ASHIM KAZ 

ІІ орын – Atyom SHTURBABIN UZB 

ІІІ орын – Poladi HASSAN IRI 

ІІІ орын – Sainimu TALAFU CHN 

82 kg

І орын – Gleb GOLOV RUS 

ІІ орын – Nurdaulet BAKTYBAIULY KAZ 

ІІІ орын – Ahmadzadeh MERSAD IRI 

ІІІ орын – Veaceslav PLAMADEALA MDA 

100 kg

І орын – Vladimir DOSIAK RUS 

ІІ орын – Jakhongir MAMATRAKHIMOV UZB 

ІІІ орын – Aibek IZTELEUOV KAZ 

ІІІ орын – Azizi REZA IRI

Әйелдер

48 kg

І орын – Aizhan ZHYLKYBAYEVA KAZ 

ІІ орын –Mukhabbat YOKUBOVA UZB 

ІІІ орын –Aliman ABDRASHITOVA KGZ 

ІІІ орын –Marta TIMOSHENKO RUS 

56 kg

І орын – Rauza NURMAKHAMMETOVA KAZ 

ІІ орын – Nozigul KHOLMIRZAEVA UZB 

ІІІ орын – Sabina ZHAANBEKOVA KGZ 

ІІІ орын – Anna KHARITONOVA RUS 

65 kg

І орын – Daria KUZMICHEVA RUS 

ІІ орын – Zarina SARIPOVA KAZ 

ІІІ орын – Malikakhon KAKHOROVA UZB

ІІІ орын – Zhanar ZHOLDOSHEVA KGZ 

77 kg

І орын – Shakhnoza BOZOROVA UZB 

ІІ орын – Zamzagul FAIZOLLANOVA KAZ 

ІІІ орын – Irina GROMOVA RUS 

ІІІ орын – Saniet TALAIBEKOVA KGZ 

Сөйтіп, чемпионаттың бірінші жарыс күні қызу тартысқа толы болып, балуандар отандастарымыздың жеңісті жолын бастап берді. Енді ертеңгі финалдық белдесулерде балуандарымыз ел намысын абыроймен қорғап, чемпиондық тұғырдан көрінеді деген үміттеміз.

Чемпионаттың ұйымдастырушылары – ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті және Qazaq Kuresi Ассоциациясы.