Абай облысында жол-көлік оқиғасынан аман қалған үш баланың жағдайы белгілі болды

Бүгін, 10:25
Айман Нығмет Айман Нығмет
views206
Абай облысында жол-көлік оқиғасынан аман қалған үш баланың жағдайы белгілі болды
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Бүгінгі таңда Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда бір баланың жағдайы өте ауыр, қалған екі баланың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. 

«Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады. Пациенттер жағдайының ауырлығы алынған жарақаттарға байланысты. Балаларда бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған. Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады»,- делінген хабарламада.

Қазір дәрігерлер бригадасы бір баланың миына күрделі нейрохирургиялық операция жасалып жатыр, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды.

Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы жарақат алған үш баланың екеуі бір үйдің балалары екенін айтты. 

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағының бортында медициналық бригада ұшып барды.

Команданың құрамында-нейрохирург, травматолог және реаниматолог бар. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, еліміздің үздік мамандары тартылған.

Еске сала кетейік, кеше Абай облысы Бестерек ауылында жүргізуші жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған бір топ баланы қағып кетті. Оқиға орнында үш бала мерт болды.