Үржардағы жол-көлік оқиғасы: зардап шеккен екі баланы санавиация Астанаға әкеле жатыр

Бүгін, 14:56
Айман Нығмет Айман Нығмет
views250
Үржардағы жол-көлік оқиғасы: зардап шеккен екі баланы санавиация Астанаға әкеле жатыр
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Абай облысының Үржар ауданынан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы жеткізу үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация борты Астана қаласына ұшып шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Пациенттерді Астана қаласындағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасына емдеуге жатқызу туралы шешім қабылданды.

Бортта балаларға медициналық көмек көрсету үшін ҰШМҮО реаниматологы Е. Шақан, Астана қаласының №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасының травматологы Н. Жакипов және Ұлттық нейрохирургия орталығының (ҰНХО) нейрохирургы С. Сейтбеков дәрігерлер бригадасы құрамы қалыптастырылды.

Оқиға орнында бірден аудандық ауруханада облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан құрылған мультитәртіптік бригада толық диагностикалық зерттеу жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайына бағалады және жедел емдеу жоспарын жасады.

Бала жағдайының тұрақсыздығы ескеріле отырып, пациенттердің бірі – тоғыз жасар қыз бала Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Д. Каримовтың бақылауымен жағдайы тұрақталғанға дейін стационарда қалдырылды.

Еске сала кетейік,  кеше Абай облысы Бестерек ауылында жүргізуші жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған бір топ баланы қағып кетті. Оқиға орнында үш бала мерт болды. 

Бүгінгі таңда бір баланың жағдайы өте ауыр, қалған екі баланың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. 

Облыс әкімдігі тарапынан қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі.

Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.