«Ата-әжелеріне келген»: Үржардағы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалар туралы жаңа дерек жарияланды

Бүгін, 11:44
Айман Нығмет Айман Нығмет
views192
«Ата-әжелеріне келген»: Үржардағы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалар туралы жаңа дерек жарияланды
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен кәмелетке толмаған балаларға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алып жатыр.

«Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды»,- делінген хабарламада.

Облыс әкімдігі тарапынан қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі.

Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.

Еске сала кетейік, кеше Абай облысы Бестерек ауылында жүргізуші жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған бір топ баланы қағып кетті. Оқиға орнында үш бала мерт болды. 

Бүгінгі таңда бір баланың жағдайы өте ауыр, қалған екі баланың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.