Руслан Берденовке қастандық жасаған ер адам 9 жылға сотталды

Бүгін, 14:07
Айман Нығмет Айман Нығмет
views66
Руслан Берденовке қастандық жасаған ер адам 9 жылға сотталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі арқылы 99-бабының 1-бөлігімен айыпталған Ернар Жиембайға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық сотқа сілтеме жасап.

«21.04.2025 жылы «Ж» «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің (әкімге қарасты) директоры бола тұра, алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйде болып, туындаған бас араздық салдарынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары «Б»-ні қасақана өлтіруге оқталып, оған аңшы мылтығынан 5 рет оқ атқан. Алайда сотталушыда оқ дәрілері таусылып, жәбірленуші оған қарсылық көрсетіп және оған көмекке қасында болған адамдар келуіне байланысты, «Ж» өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған»,- делінген хабарламада.

Ернар Жиембайдың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде кінәсін ішінара мойындайтындығы, оған шын көңілден өкінетіндігі, бұрын сотты болмағандығы, асырауында 2 жас баласы бары танылды. Ал ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмысты алкогольден масаң күйінде жасағаны анықталды.

«Осыған байланысты, сот «Ж»-ні ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі арқылы 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.Үкім заңды күшіне енбеген»,- делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды.