Ерекше оқиға: Ұлттық ұланда төрт егіздер жұбы әскери қызметін өтеп жатыр

Бүгін, 12:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views68
Ерекше оқиға: Ұлттық ұланда төрт егіздер жұбы әскери қызметін өтеп жатыр
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Алматы қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Бір мезетте мұнда төрт бірдей егіздер жұбы мерзімді әскери қызметін өтеп жатыр. Бұл Ұлттық ұлан тарихында алғаш рет кездесіп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әдетте бір шақырылымда егіздер жұбының азаматтық борышын өтеуінің өзі сирек жағдай. Ал бір бөлімде төрт жұптың қатар қызмет етуі – Ұлттық ұланда ерекше құбылыс.

Әскери бөлімдегі ең бірінші егіздер легін Түркістан облысынан барған – Нұрасыл мен Ерасыл Жамалхан бастады. Көп ұзамай олардың қатарын Ерасыл мен Нұрасыл Үйсінбай толықтырды. Екі Ерасыл мен екі Нұрасылдың бір бөлімде қатар қызмет етуі – әскерилердің өзі үшін тосын жағдай болды. Командирлер олардың түрін ажыратуда кейде қиналатынын жасырмайды, алайда сарбаздар мұны әзілмен қабылдайды. Бүгінде қос Нұрасыл мен қос Ерасыл мегаполистің қоғамдық тәртібін сақтау бойынша патрульдік қызмет атқарып жүр.

Шымкенттен шақырылған Ердәулет пен Бақдәулет Төленовтер де әскери ұжымда ерекше ықыласқа ие. Оларды да жиі шатастырып, тіпті казармада сарбаздар «Бізде екі жауынгер емес, біреуінің қос көшірмесі бар» деп әзілдейді. Бірде командир Ердәулетке тапсырма беріп, оның орындалу есебін Бақдәулеттен қабылдағанын байқамай қалған. Алайда егіздердің айтуынша, бірге қызмет ету жеңіл, себебі олар бір-бірін сөзсіз түсінеді.

Ерекше төрттікті түйіндейтін соңғы жұп – Жезқазғаннан барған Салман мен Магомед Урузбиевтер. Олардың әскерге бірге келуі бауырмалдықтың жарқын үлгісіне айналды. Магомедтің әскерге шақырылғанын білген Салман да бауырының қасында болуды жөн көріп, қатар қызмет етуге бел буған. Қазір олар бір сапта жүріп, жауынгерлік міндеттерін атқарып келеді.

«Бүгінде төрт егіздер жұбының оқиғасы – әскердегі тәртіптің, өзара түсіністіктің және нағыз бауырмалдықтың үлгісіне айналып қана қоймай, Ұлттық ұланның тарихында ерекше із қалдырары сөзсіз. Ал егер сіз Алматы көшелерінде бір-біріне қатты ұқсайтын егіздерден құралған әскери жасақты кездестірсеңіз, таңғалмаңыз – олар осы оқиғаның кейіпкерлері болуы мүмкін», - делінген Ұлттық ұлан хабарламасында.