Маңғыстау облысында киік мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын ұсталды (ВИДЕО)

Маңғыстау облысында киік ұшалары мен мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
13 тамыз күні сағат 00:30 шамасында жүргізілген бірлескен жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері мен «Бүркіт» арнайы бөлімшесі, Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен Бейнеу ауданының Тұрыш ауылындағы үйдің ауласынан киікке қатысты заңсыз әрекеттердің дерегін анықтады.
«Тінту кезінде Қызыл кітапқа енгізілген 9 киіктің ұшасы, 30 мүйізі, сондай-ақ 16 мм калибрлі оқ-дәрілер мен өзге де заттай айғақтар табылып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, материалдар СДТБТ-ға енгізілді. Тәркіленген айғақтар сараптамаға жіберілді», - делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден кетпеу туралы қолхат алынды.



