Баланың тілі шықпай жүрсе, оның есту қабілетін тексеру қажет – сурдолог Айжан Галиева

Бүгін, 16:36
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views84
Баланың тілі шықпай жүрсе, оның есту қабілетін тексеру қажет – сурдолог Айжан Галиева
Фото: Айжан Галиеваның жеке мұрағатынан

Астана қаласының сурдолог дәрігері Айжан Галиева бала дер кезінде сөйлеп бастамаса, оның есту қабілетінде ақау болуы мүмкін екенін ескертті. Бүлдіршін дыбысты анық естімесе, оны қайталай алмайды, яғни тілі шықпайды. Осылайша есту қабілеті нашар балалар даму жағынан артта қалады. Сондықтан балалардың есту қабілетін уақытылы әрі барынша сапалы тексеру маңызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

Айжан Галиеваның айтуынша, баланың сөйлеу қабілеті есту қабілетіне тікелей байланысты. Егер баланың естуі уақытылы дұрыс болса, әрі баланың есту ми қыртысына дұрыс дыбыстық сигналдар барып тұрса, онда есту ми қыртысы сөйлеу ми қыртысының қасында орналасқандықтан, олардың арасында тығыз байланыс болады. Ми қыртысы дыбыстық сигналдарды қабылдағанда, бала ол дыбыстарды қалай естісе, солай қайталап, жауап ретінде айтып үйрене алады. Егер баланың ми қыртысына дыбыстық сигналдар дұрыс бармаса немесе жеткіліксіз болса, сөйлеу ми қыртысы орталығы белсенді болмайды да, бала сөйлеу дыбыстарын шығаруды үйрене алмайды.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

«Бала дер кезінде сөйлеп, әр жас кезеңіне сәйкес сөз қоры болуы керек. Мысалы, 6 айынан бастап бала былдырлап дыбыстар шығарады. 8-9 айға қарай буынмен «ма», «ба» сияқты дыбыстар айтады. 1 жасқа келгенде «мама», «папа» сияқты сөздерді айтуы керек. Бұл — қалыпты даму нормалары. Егер балада сөйлеу қабілеті болмаса немесе сөздері анық шықпаса, өз жасына сәйкес сөз қоры дамымаса, сурдолог, логопед пен невропатолог маманға жүгіну қажет», - дейді маман.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

Оның пікірінше, ең алдымен есту қабілетінде ақау бар-жоғын анықтау маңызды.

«Сөйлеудің бұзылуы көп жағдайда есту қабілетінің I немесе II дәрежелі төмендеуінен болуы мүмкін. Егер бала мүлдем естімесе (III немесе IV дәрежелі естімеу), сөйлеу мүлдем дамымауы ықтимал. Сондықтан егер балаңыздың тілі уақытында шықпаса немесе сөздік қоры жасына сай болмаса, ең алдымен есту қабілетін тексеру керек. Егер баланың есту қабілетінің нашар екені анықталса және дер кезінде коррекция жасалмаса, мұндай балалар еститін қатарластарынан даму жағынан артта қалады. Бұл тек мектептегі үлгерімге ғана емес, психикалық дамуына және қоғамдық ортаға бейімделуіне де әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, естуі нашар балалардың 47%-ында орташа дамуында кедергілер туындайды», - дейді сурдолог.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

Бала мектепте ақпаратты толық қабылдай алмауы мүмкін, нәтижесінде үлгерімі төмендейді. Мұның бәрі әлеуметтік оқшаулануға әкелуі ықтимал, өйткені бала қатарластарын дұрыс естімегендіктен, ортадан шеттеле бастайды. Болашақта бұл мемлекетке де әсер етеді: есту қабілеті нашар адамдар өздері қалаған жұмысқа орналаса алмауы мүмкін немесе жұмыс берушілер оларды қабылдамауы ықтимал. Қабылдаған жағдайда да, көбіне төмен жалақылы қызмет ұсынады. Бұл — мемлекеттік деңгейдегі мәселе.

«Егер баланың есту қабілеті нашар деген күдік туындаса, ата-ана алдымен тұрғылықты жеріндегі ЛОР дәрігеріне баруы тиіс. Өкінішке қарай, сурдолог мамандар барлық жерде жоқ. Егер қалада сурдолог болса, бірден соған қаралған дұрыс. Сурдолог баланың жасына сай тексеру жүргізеді, есту қабілетінде мүкістік бар-жоғын анықтайды. Мүкістіктің себебін — сыртқы, ортаңғы немесе ішкі құлақтан екенін белгілейді. Сондай-ақ емдеу жолын ұсынады: дәрілік ем, операция, есту аппараты немесе кохлеарлы имплант орнату. Сурдологқа жолдама арқылы немесе ақылы түрде қаралуға болады», - дейді маман.

Қазақстанда есту қабілетін тексеру тәртібі «Қазақстан халқына оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсету стандарты» құжатында көрсетілген. Егер ата-ана баласының естуінде ақау бар деп күдіктенсе, жергілікті емханадан сурдологқа жолдама ала алады. Сурдолог қалалық немесе облыстық орталықтарда, сондай-ақ сурдологиялық кабинеттері бар емханаларда қабылдайды.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

Маманның айтуынша, қызметтің басты кемшілігі — сурдолог мамандардың аздығы. Қазақстанда толық жабдықталған сурдологиялық кабинеттер өте аз, бар болса да, маман жетіспейді. Сол себепті ата-аналар көбіне Астана немесе Алматы қаласында ақылы тексеруден өтуге мәжбүр. Тағы бір мәселе — балалардың дер кезінде жолданбауы. Қазір аудиологиялық скрининг бағдарламасы бар. Бұл — бала туған сәтте перзентханада, үйіне шығарылмай тұрып, есту қабілетін тексеру. Қорытындысы ата-анаға беріледі. Егер күдікті жағдай анықталса, бала міндетті түрде емханаға жіберіледі және қайталап скрининг жасалады.

«Егер қайталау нәтижесі де күмәнді болса, бала үш айға толмай тұрып сурдологқа жіберілуі тиіс. Бірақ бұл жолда көптеген балалар «жоғалып» кетеді, себебі перзентханалардың барлығы скрининг құрылғысымен жабдықталмаған. Кей өңірлерде қайталау скринингі жүргізілмейді. Бұл ата-аналардың скрининг бағдарламасы бар екенін білмеуінен немесе жабдықтың жетіспеуінен туындайды. Сондықтан дәрігерлер әлеуметтік желілерде өз блогтарында бұл туралы ақпарат беріп отырады», - дейді маман.

Маманның сөзінше, кей жағдайларда баланың естуі дұрыс деп қорытынды жасалады. Бұл көбіне аудиоскринингтен өткенде болады. Аудиоскрининг нәтижесінде екі жауап алынады: «тестті өтті» немесе «тестті өтпеді». Егер «өтті» деген жауап болса және балада есту қабілетін төмендететін қауіп факторлары болмаса, оның естуі жақсы деп есептеуге болады.

Есту қабілетін төмендететін қауіп факторларына мыналар жатады:

         1.      бала шала туылса (32 аптаға дейін);

         2.      бала туылған кездегі салмағы 2 кг-нан аз болса;

         3.      бала жансақтау бөлімінде туғаннан кейін 5 күннен артық жатса;

         4.      жасанды өкпе желдету аппаратында 5 күннен артық болса;

         5.      билирубин деңгейі 350 мкмоль/л-ден жоғары болса;

         6.      туыстарында есту қабілетінің тұқым қуалайтын бұзылысы болса.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

«Бұл балаларды скрининг нәтижесі жақсы шыққанның өзінде толық тексеруден өткізу керек, өйткені бұл факторлар есту қабілетінің кейіннен төмендеуіне себеп болуы мүмкін», - дейді маман.

«Қазіргі таңда есту скринингі тек перзентханада жасалмайды. Ол бала 6 айға және 1 жасқа толғанда да қайталануы тиіс. Әлемдік статистика бойынша, мың нәрестенің 3-4-і туа біткен есту мүкістігімен дүниеге келеді. Бір жасқа дейін тағы 3-4 балада есту қабілеті төмендейді. Сондықтан перзентханада скринингтен өтті деген себеппен кейінгі тексерулерден бас тартпау керек», - деп түсіндірді Айжан Галиева.

Үй жағдайында ата-ана баланың дыбыстарға және өзінің атына реакциясына назар аударуы қажет. Бұл жасына байланысты өзгереді:

         •        3-4 айға дейінгі нәрестелер тек қатты дыбыстарға реакция береді (мысалы, сүт еміп отырғанда шошып қалуы мүмкін);

         •        5-6 айында шылдырмақты іздей бастайды;

         •        1 жасында атымен шақырғанда қарауы керек;

         •        2 жасында сөз тіркестерін құрастыра алуы тиіс.

Иллюстрациялық фото: freepik.com

«Егер бала сөйлемесе, «әкесі кеш сөйлеген» деген сылтаумен жүре бермей, кем дегенде логопед немесе невропатологқа көрінген жөн. Жергілікті емханада есту скринингінен өту керек. Мүмкіндік болса, сурдологқа барып, толық тексеруден өткен дұрыс. Неғұрлым есту қабілетінің бұзылысы ертерек анықталса, соғұрлым оңалту және түзету жұмыстары нәтижелі болады», - деп түсіндірді маман.

Сурдолог маманның айтуынша, балалардың естуін дер кезінде және сапалы тексеру үшін ұйымдық шаралар қажет. №74 бұйрыққа сәйкес барлық перзентхана, аурухана, емхана есту скринингіне арналған құрылғымен жабдықталуы тиіс. Әр бала дүниеге келгенде міндетті түрде скринингтен өтуі керек. Алматы қаласында пилоттық жоба ретінде «трекинг-орталық» жұмыс істейді. Бұл орталыққа перзентханалардан скрининг нәтижелері жіберіледі. Маман әр баланың нәтижесін қадағалап, теріс жауап алғандарды қажетті мамандарға жібереді. Бұл тәжірибе Германиядан алынған.

«Сондай-ақ облыстық орталықтарда сурдологиялық кабинеттердің санын көбейту керек, себебі қазіргі таңда олар жеткіліксіз. Кейбір қалаларда бар болса да, халық санына сай емес. Соның салдарынан үлкен кезек пайда болып, ата-аналар күткісі келмейді», - дейді Айжан Галиева.

Сара Қамзаева