Президент жаңадан тағайындалған министрге бірқатар тапсырма берді

Бүгін, 16:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views60
Президент жаңадан тағайындалған министрге бірқатар тапсырма берді
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевті қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде ұлттық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі өркендету, экономика мен әлеуметтік саланың негізгі бағыттарына жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік цифрлық қызмет көрсетудің сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Президент ЖИ мен цифрлық технологиялар бойынша еңбек ететін білікті мамандар даярлау мәселесіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысы жоғары технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайту қажеттігін атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасарына Жолдауда белгіленген Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі басым мақсаттарды нақты іске асыру жүктелді.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалған болатын.