Елордада республикалық музыкалық шығармашылық байқауы өтіп жатыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада республикалық музыкалық шығармашылық байқауы өтіп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада «Біздің таланттар» республикалық байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Байқаудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың талантын ашу. 

Республикалық байқаудың I (қалалық) іріктеу кезеңіне 80-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жатыр. 

Өнер байқауы осымен екінші рет өткізіліп жатыр. Оған 3 пен 10 жас аралығындағы балалар қатысуда. Олар сахнада ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетеді. Бастысы, әр бала назардан тыс қалмайды. Ал байқау соңында өнерпаздарға грамоталар мен сыйлықтар табыс етеміз, - деді Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің бас маманы Гүлшат Исинова.

Байқауға 3 пен 10 жас аралығындағы 80-ге жуық бала қатысып жатыр. Олар 6 номинация бойынша өнер көрсетеді. Олардың қатарында «Алтын дауыс», «Үздік декларатор», «Кішкентай биші», «Жаңа бастаған әртіс», «Оркестр» және «Бармағынан бал тамған» номинациялар бар. 

Бүгінгі байқауға 6 жастағы қызымды алып келдім. Медина «Алтын дауыс» номинациясы бойынша «Мама – первое слово» әнін орындайды. Қызымның көңіл-күйі – жақсы. Таңертең үйден шыққанда «Көйлегімді киіп, сахнаға шығып, ән айтамын» деп келді. Әрбір ананың жүрегі балам деп соғады. Қызым сахнаға шығып, өнер көрсеткенде уайымдаймын, - деді ата-ана Меруерт Мұхамеджанова.