Астанада Дархан Қыдырәлінің жаңа тарихи кітаптарының таныстырылымы өтті

Астанада Дархан Қыдырәлінің жаңа тарихи кітаптарының таныстырылымы өтті
фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріндегі басылымдары, сонымен қатар орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории», түрік тілінде шыққан «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» деректі ғұмырнамалық кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиынға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, TURKSOY халықаралық ұйымының өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Академик Дархан Қыдырәлі аударма саласы өте маңызды екеніне тоқталып, «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының мазмұнына тоқталып өтті.

«Бүгінгі тұсаукесер рәсімінде төрт тілде жазылған 5 кітаптың таныстырылымы өтіп жатыр. Былтыр қазақ тілінде жарық көрген «Тамыр» және «Абыздар аманаты» деген кітаптар әзербайжан, түрік және қырғыз тіліне аударылып шықты. «Тасқа жазылған тарих» кітабы осы екі кітаптың жинақталған нұсқасы деп айтуға болады. Түрік тіліндегі «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay»  атты кітап Мұстафа Шоқай туралы болса, қалған төрт кітаптың мазмұны бір-біріне ұқсас, яғни түркі әлемінің ортақ тарихы туралы жазылды.

Жалпы аударма деген өте маңызды сала. Әсіресе қазақ пен қырғыз тарихында ұқсастық көп. Түркі әлеміне деген қызығушылық орыс тілді аудиторияда да пайда болды. Сондықтан да кітаптың орыс тіліне аударылғаны да жақсы жетістік деп білемін», - деді Дархан Қыдырәлі.

Жиында сөз алған Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академик Дархан Қуандықұлының түркі дүниесіне ортақ бай мұраны зерттеп, бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды.

«Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, қырғыз және түрік тілдерінде шығуы түркі әлемінің мәдениетіне, тарихына, сондай ақ бауырлас халықтардың  ортақ мұрасына деген  зор қызығушылық пен құрметті айқындайды. Бұл шығарма тек бір автордың еңбегі ғана емес,  бүкіл түркі халықтарының тарихи жады мен мұрасын сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа  жеткізудің маңызды жолы. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бұл кітаптың басылуына өз үлесін қосып, түркі әлемінің ұлттық тарихы мен мәдениетін таныту ісінде Дархан Қыдырәлімен бірге  жұмыс істегінімізді үлкен мәртебе деп санаймыз. Кітаптың әрбір оқырманы оның терең мазмұнынан және құнды зерттеулерінен мол тағылым ала отырып,  түркі тарихы мен мәдениетіне деген  қызығушылығы артады деп сенемін», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жарыққа шығарған Дархан Қыдырәлінің «Daşa yazılan tarix» кітабында жалпы түркологиядағы алуан тақырыпты арқау еткен ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалары топтастырылған. Ал осы кітаптың қырғыз тіліндегі басылымы - «Ташка жазылгантарых» кітабында да түркі жұртының тарихы қазіргі заман тұрғысынан зерттелген. Сонымен қатар кітаптың түрік тіліндегі нұсқасы да ортақ тарихымыз қамтыған. Сондай-ақ жиында түркі тарихы мен тұлғалары туралы орыс тілінде жазылған «Тюркский мир: через призму истории» кітабы мен түрік тілінде шыққан «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» атты ғұмырбаяндық кітабы таныстырылды.

Жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімінен кейін мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов және өзге де шақырылған қонақтар жаңа кітаптар туралы пікірлерін бөлісті.