Астана мен Дели арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Бүгін, 15:07
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана мен Дели арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанның авиациялық билігі Астана қаласының халықаралық әуежайы өкілдерінің қатысуымен Indigo Үнді «лоу-кост» әуе компаниясының басшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биылғы 14 мамырдан бастап Indigo әуе компаниясы Астана-Дели бағыты бойынша жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Рейстер A-320/321 типті әуе кемелерінде аптасына 3 рет жиілікпен орындалады.

Қазақстан мен Үндістан астаналары арасында тікелей рейстің ашылуы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал ететін болады, - делінген ҚР Көлік министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар бұған дейін хабарланғандай, «Эйр Астана» қазақстандық әуе компаниясы осы жылдың 20 сәуірінен бастап Airbus үлгісіндегі әуе кемесінде аптасына 3 рет жиілікпен Алматы-Мумбай бағыты бойынша Үндістанға рейстер ашады.

Жалпы, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде елдер арасындағы жолаушылар рейстерінің 5 әуе бағыты бойынша аптасына 24 рейске дейін ұлғаюы күтілуде.  

Қазіргі уақытта тұрақты әуе қатынасы Алматы-Дели («Эйр Астана» – аптасына 7 рейс, IndiGo – аптасына 7 рейс), Алматы-Гоа (SCAT – 2), Астана-Гоа (FlyArystan – 2) бағыттары бойынша орындалады.