Биыл елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып жатыр

Бүгін, 13:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views36
Биыл елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана тұрғындары мен қонақтарының ашық ауада жайлы уақыт өткізуі үшін елордада жүйелі түрде жаңа қоғамдық және аулалық кеңістіктер құрылуда. Бұл жұмыс қаланың алты ауданында да жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаз басталғалы бірнеше ай ішінде қалада ондаған жаңа қоғамдық кеңістік пен аулалар абаттандырылып, пайдалануға берілді.

Мәселен, «Нұра» ауданында жаздың басында «Үркер» тұрғын алабында үш жаңа саябақ ашылды. Сонымен қатар 6 шілде – Астана күніне орай қайта жөндеуден өткен Орталық саябақтың басты аллеясы ашылды. Қазір Қ.Мұхамедханов көшесінде, «Самұрық Тауэрс» тұрғын үй кешені маңында қоғамдық кеңістік құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек «Мадрид», «Копенгаген» және «Алтын шар-1» тұрғын үй кешендерінің жанында да жұмыс жүріп жатыр. Аудан аумағында маусым айынан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 10 аула абаттандырылды. Жақын арада «Астана» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да жаңа ауланың игілігін көреді.

«Алматы» ауданында жаз маусымы басталғалы 3 саябақ ашылды: «3 гектар» ТК мен «Ақмешіт» мешіті арасындағы аумақта, «Теміржолшылар» тұрғын алабындағы Керегетас көшесінде, сондай-ақ «Хабар» тұрғын үй кешенінің қарсы бетінде. Тағы бір саябақ жақын күндері Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы Келес көшесінде ашылады. Сонымен бірге, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы алаңында, Триатлон паркінің көпір асты кеңістігінде, Күйшілер аллеясында, Б.Момышұлы көшесіндегі Футбол федерациясының жанындағы аумақта және Қ.Рысқұлбеков көшесіндегі аллеяда құрылыс жұмысы жүріп жатыр.
Биыл «Алматы» ауданында аулалық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазіргі таңда 41 аулада жұмыс аяқталды, жаз соңына дейін тағы шамамен 30 аула абаттандырылады. Бұдан бөлек 50-ден аса аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.

«Сарыарқа» ауданында құрылыс маусымының басынан бері 22 аула абаттандырылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Қазіргі уақытта тағы 7 мекенжайда аулаларды жаңарту жұмысы қатар жүргізілуде. Жобалар қала тұрғындарының ұсыныстары мен белсенді қатысуы негізінде «Халық қатысатын бюджет» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа қоғамдық кеңістіктер ауданның бірнеше жерінде ашылды. Алтынемел мен Гёте көшелерінің қиылысында бұрынғы сүрілген тұрғын үйдің орнында абаттандырылған демалыс аймағы жасалды. Ы.Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысындағы «Иллюзия» саябағы толық жаңартылды. Республика даңғылы, 7/1 мекенжайында тұрғындарға арналған тағы бір жайлы демалыс орны ашылды. Қазір Қарасай батыр көшесі, 16 және Жамбыл көшесі, 8 мекенжайларындағы бос аумақтарда екі қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

«Байқоңыр» ауданында осы кезеңде 22 аула ашылды, оның тоғызы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында (Абай көшесі 28, 30; Республика 30; Уәлиханов 1, 3, 3/1 және т.б.). Сондай-ақ 112 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасы аясында 7 нысан салу жоспарланған болатын, оның бесеуі аяқталды (Республика даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі Абай даңғылы; Жәнібек тархан көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі Жұбанов көшесі; Пушкин көшесінен Жұбанов көшесіне дейінгі Абай даңғылы («Коммуналшылар» саябағы); Ғабдуллин көшесінен Иманбаева көшесіне дейінгі Баянауыл көшесі және Республика даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі (Сейфуллин көшесі). Қалған екеуінде жұмыс аяқталу сатысында (Уәлиханов көшесі – Жангелдин көшесінен Сейфуллин көшесіне дейін, «Тұлпар» СҮ маңы; Ғұмар Қараш көшесі – Иманбаева көшесінен Уәлиханов көшесінен дейін).

«Есіл» ауданында жаз басталғалы жаяу жүргіншілер тротуарлары жаңартылып, заманауи тас төсеу жұмысы орындалды. Ерекше назар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және балалар арбасымен жүретін ата-аналарға ыңғайлы өткелдер жасауға бөлінді. Мұндай аумақтардың бірі – Достық көшесі. Мәңгілік ел даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі бөлікте жаяу жүргіншілер аймағы толық жаңартылды. Қазақ радиосы көшесі бойында Достық көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі учаскедегі аумақ жаңартылып, балалар мен мүгедектер арбаларына арналған арнайы кіреберістер жасалды. Сауран көшесінің Достық пен Алматы көшелері арасындағы бөлігінде де тротуарлар жаңартылып, жаңа өткелдер орнатылды.
Түркістан көшесінде (Ұлы Дала даңғылынан Тұрар Рысқұлов көшесі 9/1-ге дейін) 6 мың шаршы метрден астам тас төселіп, жаяу жүргінші аймақтары жаңартылды әрі ыңғайлы өткелдер жасалды. Керей мен Жәнібек хандары көшесінде (Ә.Бөкейхан көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейін) алғаш рет жаяу жүргіншілер тротуары салынды.

«Сарайшық» ауданында 12 аула абаттандырылды. Қазіргі таңда жұмыс жалғасып жатыр. Сондай-ақ аудан әкімдігі 4 қоғамдық кеңістікті абаттандыруда. Жақын арада Президент саябағы маңындағы А.Байтұрсынұлы және Ж.Нәжімеденов көшелерінде, сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар аллеясында» жұмыс аяқталады.

Айта кетейік, биыл Астанада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылып жатыр. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Бүгінде аталған жұмыстың басым бөлігі аяқталды.